ChatGPT VS Антиплагиат: Әшкере болудан қорқатын Threads-тегі топтар

Анар Лепесова
фото: ЖИ/Ulysmedia.kz

Плагиатты анықтайтын бағдарламалық жүйелерді әзірлеумен айналысатын ресейлік «Антиплагиат» АҚ 2025 жылы 920 млн рубль табыс тапқан. Компанияны байытып отырғандар арасында қазақстандықтар аз емес. Желіні ашсаң, бұған көзің анық жетеді.

Мәселен, соңғы күндері Threads-те antiplagiat.ru тексеруінен сүрінбей өтудің пәлен әдісі, түген амалы деген жазбалар қаптады. «ChatGPT-мен жазылған жұмысыңды 100% өзің жазғандай етіп дайындап берем» дейтіндер де бизнесін дөңгелетіп отыр. Мұндайларды тыюдың жолы бар ма?

Бұл тенденцияның соңы қайда апаруы мүмкін? Студенттер арасында оқу-жазуды, ізденуді, еңбектенуді қайтадан трендке айналдыру мүмкін бе өзі?

Өткенде министр алгоритмдер арқылы жасалған мәтіндерді анықтай алатын жаңа антиплагиат жүйелерін жасап жатырмыз деген еді. Бұл жүйелердің ЖИ-мен күресуге шынымен қауқары жете ме? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақтарды сарапшыларға қойды. 

ЖЕЛІДЕГІ ТӨРТ ТОП

Желідегі плагиаризм тақырыбындағы жазбаларды шартты түрде төрт топқа бөлуге болады.

Бірінші топ – дипломдық жұмыстарын жасанды интеллект көмегімен жазып, енді сын сағат таяғанда антиплагиат жүйелерінің тексеруінен сүрінбей өтудің жолын іздегендер.

«Мен бастапқыда  дипломға 50%  ChatGPT қолдандым. Ол берген ақпаратты дәлме-дәл алмадым. Оған перефраз жасап жаздым.  Дипломды 100% бітірдім. Енді оған қайтадан ChatGPT-сіз перефраз жасап отырмын. Антиплагиаттан өту ықтималдығы қанша?», – дейді қолданушылардың бірі.

Тағы бір қолданушы бір емес, бірнеше ЖИ бағдарламасын қатар қолданғанын айтады.

«Дипломдық жобаны ЖИ-мен жазып бастап едім: Perplexity, Clаude AI, Gemini, GPT, өзге ғылыми сайттар. Сұрайын дегенім, ЖИ-мен жазылған жұмыс антиплагиаттан өте ме және дипломдық жоба жазуда лайфхактарыңызбен бөліссеңіздер», – деп жазған ол.

Екінші топ – ғылыми жұмысты толығымен өзі жазса да, антиплагиат жүйелеріндегі шикілік салдарынан тексеруден өте алмағандар.

 «Жақында 3 ай көз майымды тауысып жазған, ағылшын тіліне аударған мақалам 72 пайыз бірегейлікпен (өту үшін 75 пайыз болуы керек) плагиат тексерісінен өтпей қалды. Себебі ол жерде менің аты-жөнім, әдебиеттер тізімі, тіпті шығармалардың аты – бәрі көшірілген болып есептеледі. Плагиат пайызын құрайды», – деп шағымданды бір ізденуші.

«Өзім бәрін қолмен теріп жазсам да жұмыстың 20%-ын ЖИ жазған деген көрсетіп тұр. Не істеуге болады?» , – деп көмек сұрапты тағы бір түлек.

Енді бір қолданушы мұның себебін жұмыстың жазылу тілімен байланыстырған.

«Қазір диплом мен диссертацияны академиялық тілмен жазсаң антиплагиат өткізбей жатыр, сонда қарапайым тілмен жазу керек пе сүрінбей өту үшін? Түсіндіріп бере алатын жан бар ма?», – делінген жазбада.

Үшінші топ – бірінші және екінші топқа кеңес берушілер. Олар антиплагиат жүйелерінің тексерісінен кедергісіз өтудің түрлі «лайфхактарын» ұсынған. Қолданушылардың бір бөлігі техникалық айла ұсынса, енді бірі мәтіндегі кейбір сөздерді синонимдерімен алмастыруға, күрделі сөйлемдерді жай сөйлемдерге айналдыруға кеңес берген. Кей жазбаларда «антиплагиатпен жұмыс істеудің нақты қадамдары» да таратылып жатыр.

«Автор былай дейді…» деп бастап, оқылған мәтінді өз түсінігіңізбен баяндаңыз. Бұл тек пайызды көтеріп қана қоймай, жұмыстың ғылыми сапасын арттырады. Төл сөзден авторлық баяндауға  көшіңіз. Тым ұзын дәйексөздерді алып тастаңыз. Оның орнына сол дереккөзге сілтеме жасай отырып, негізгі түйінді қысқаша жазыңыз», – дейді бір қолданушы.

Енді бірі ЖИ-детекторларды айналып өтудің жолын қазақ тілінің құрылымымен байланыстырады:

«ЖИ-дан өту үшін сөйлемдерімді ол сияқты калькалап орыс я ағылшын тілдерінің құрылымына салып жазған жоқпын. Қазақшалап турап жібердім. Қазақша құрылымға салып жазса, ЖИ деген қорқынышты емес екен», – делінген жазбада.

Төртінші топ  – антиплагиат жүйесінен өткізуді табыс көзіне айналдырғандар. Олар мәтінді «кодтау», «перефраз жасау» сияқты қызметтерді ұсынады.

«Антиплагиаттан өте алмай, ЖИ көрсеткішін келтіре алмай жатқан болсаңыздар, өздеріңіз реттеп алатын әдіс және видео беремін. Бағасы қымбат емес, есесіне тып-тыныш ұйықтайсыздар», – дейді қызмет ұсынушылардың бірі.

Антиплагиаттан өту жолын іздегендер үшін арнайы ашылған тағы бір парақшаның жарнамасы жарап-ақ тұр:

«Жұмысыңыздың сапасы үшін алаңдағыңыз келмесе, бізге хабарласыңыз! Біз «таза» әрі жоғары пайызды нәтижеге кепілдік береміз», - делінген жазбада.  

Көрсетілген нөмірге дипломын тексерткісі келген түлек боп хабарласып көрсек, ғылыми жұмысты кодтап беретіндерін айтты. Яғни, мәтін мүлдем өзгермейді, бірақ антиплагиат жүйелері жұмыстың ЖИ-мен жазылған тұстарын байқамайды-мыс. Мұндай қызмет үшін 10 мың теңге алады екен. 

«ПОМОГАЙКАЛАРДАН» АЯҚ АЛЫП ЖҮРГІСІЗ

ІТ-ағартушы Тимур Бектұр плагиат мен оның төңірегіндегі қитұрқылықтарды тек әлеуметтік желідегі тренд емес, ұзақ жылдардан бері жалғасып келе жатқан үрдіс ретінде сипаттайды.

 «2000 жылдардың өзінде-ақ университет бітіргенде диплом жазуға көмектесетіндер, интернеттен bankreferatov.ru секілді сайттардан дайын материал көшіріп беретіндер болды. Яғни, плагиат жаңа құбылыс емес, тек оның құралдары өзгеріп отырды. 2022 жылы ChatGPT алға шыққан кезде ең бірінші көтерілген мәселе – білім саласындағы плагиат еді. Оның қарқын алғанын айтып, дабыл қаққан мамандар көп болды», – дейді ол.

Тимур Бектұрдың айтуынша, мектептегі мұғалімдерге де, университеттегі оқытушыларға да үлкен салмақ түсіп тұр. 

«Антиплагиат жүйелерін алдауға көмектесушілер – «помогайкалардан» аяқ алып жүргісіз болып кетті. Бәлкім қатаң ережелер, ішкі критерийлер арқылы азайтуға болатын шығар. Бірақ мұны түп-тамырымен жоюдың жолы жоқ. Қазіргі таңда шетелдік кейбір университеттер жазбаша емтиханнан ауызша емтиханға көшіп жатыр. Кеңес Одағы кезінде де солай болды. Билет алып, комиссия алдында әркім өз сұрағына жауап беретін. Біз ескі жүйеге оралатын болсақ, жемқорлыққа қайта жол ашылады. Өйткені кезінде жекелеген оқытушылар өзіндегі билікті пайдаланып емтихан кезінде білімгерлерді өткізбеудің амалын жасап, пара беруге мәжбүрлеген жағдайлар көп болған», – деп қауіптенеді маман.

«ГИБРИДТІК ЖҮЙЕ ЕНГІЗУ КЕРЕК»

Сарапшы қазіргі антиплагиат жүйелерінің жасанды интеллектпен күресте әлсіз екенін ашық айтады.

«ChatGPT  мәтінді генерациялаудың соңғы технологиясын қолданады. Мысалы сіз атомдардың бөлінісі жайлы сұрасаңыз, ол сізге басқаша жазып береді, дәл сондай сұрақты мен қойсам, маған басқа мәтін ұсынады. Сондықтан әр кезде әр түрлі жазып беретін мұндай қуатты жасанды интеллект технологиясын қазір жеңу қиын. Сол үшін гибридтік жүйе енгізген дұрыс шығар: бітірушілер дипломды да жазсын, ауызша да білімін дәлелдесін», – дейді ол.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӨЛ АНТИПЛАГИАТ ЖҮЙЕСІ

Тимур Бектұр қазіргі таңда кең қолданысқа ие антиплагиат жүйелерінің шикі тұстарына да тоқталды.

«Әлеуметтік желілердегі, антиплагиат жүйесіндегі барлық платформаларды қарап отырмын. Әсіресе, antiplagiat.ru деген сайт көп қолданылады екен. Мен бұл  сайтқа сенбеймін. Олардың жүйесі қандай, сертификатты кім берді? Бұл сайт ЖИ жазды деп көрсеткен ғылыми жұмыстарды шынымен  ЖИ жазған-жазбағанын ешкім білмейді. Олар ақша жасаудың жолына түскен. Бір тексерудің құны 4,5 мың теңге шамасында, қателеспесем. Мәселе бұл жүйені біз қолдануға құқылымыз ба, оның алгоритмін кім тексерді деген сұрақтарға келіп тіреледі», – дейді маман.

Сарапшы шетелдік  күмәнді платформалардың қолданысы шектелсе, Ғылым министрлігі төл антиплагиат жүйемізді жасап шығарса және оны тездетіп академиялық ортаға ұсынса деген тілегін жеткізді.

«ҒЫЛЫМ – ОЙ ҰРЛАУ ЕМЕС»

Филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Кәкен Қамзиннің пікірінше, шынайылық пен әділдік адамның өз бойында болмаса, әлеуметтік кеңістікте де, ғылыми платформада да ақиқат болмайды.

«Ғылым дегеніміз –  ізденіс. Жаңалық. Пікір қайталау, ой ұрлау емес. Өзгенің ойын иемдену, еңбек ұрлау ғылымның табиғатына қайшы. Плагиаттың қауіптілігі де осында. Ол тек академиялық талапты бұзу емес, ол – адам бойындағы адалдық принципінің әлсіреуінің көрінісі. Сондықтан бұл мәселені тек техникалық тұрғыдан қарауға болмайды. Антиплагиат жүйелері, түрлі алгоритмдер, бақылау тетіктері – мәселенің сыртқы қабаты ғана», – дейді ұстаз.

Ғалым Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық қоғам туралы Жолдауында айтылған «человекоцентризм» ұғымына тоқталды.

«Бұл – технологияның да, реформаның да, жалпы қоғам дамуының да өзегінде адам тұруы керек деген сөз. Яғни цифрландырудың басты мақсаты – техниканы дамыту ғана емес, адам сапасын арттыру. Егер адам санасы жетілмесе, ең озық технологияның өзі қоғамға қауіп төндіруі мүмкін», – дейді ол.

Кәкен Қамзиннің айтуынша, бұл ұғым Абай айтқан «толық адам» тұжырымымен де үндеседі.

«Абай «толық адам» деп ақыл, қайрат, жүректі тең ұстаған, ар-ұятты бәрінен биік қойған тұлғаны сипаттайды. Егер студент те, ғалым да, оқытушы да осы ұстаныммен өмір сүрсе, плагиат өздігінен азаяр еді. Өйткені толық адам өзгенің еңбегін иемденуді намыс көреді. Сол сияқты Әл-Фараби еңбектеріндегі қайырымды қала тұрғындарының ұстанымдары да осы мәселемен сабақтас», – деп түсіндірді ғалым.

Ұстаз жасанды интеллектінің өзі адам интеллектісінің алгоритмі негізінде жасалғанын, оның қандай бағытта қолданылуы да адамның ниетіне байланысты екенін атап өтті.

«Адамның пиғылы дұрыс болса, оның қолынан шыққан жасанды зият та адамзатқа қызмет етеді. Ал егер адам оны жалғандыққа, алдауға, плагиатқа пайдаланса, мәселе технологияда емес, адамның рухани ұстанымында болып шығады. Сондықтан плагиатпен күрес тек бақылауды күшейтумен шектелмеуі керек. Ең алдымен академиялық адалдықты, ар-ұят мәдениетін, интеллектуалдық еңбекті құрметтеуді бала жастан қалыптастыру қажет», – деп түйіндеді ол.