Дубайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған Қазақстан азаматының не үшін істі болғаны белгілі болды. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, оған аса ауыр қылмыс санатына жататын – «адам ұрлау» бабы бойынша айып тағылған, деп хабарлайды Ulysmedia.
ТОЛЫҒЫРАҚ
– Біріккен Араб Әмірліктері тарапының мәліметі бойынша, аталмыш азамат БАӘ құзырлы органдары 2025 жылы қозғаған қылмыстық іс бойынша күдіктілердің бірі. Көрсетілген қылмыстық іс адам ұрлау, заңсыз бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және ар-намысты таптауға қатысты ауыр қылмыстардың санатына жатады. Қазіргі уақытта бұл іс бойынша апелляциялық шағым түсірілген. Соған байланысты үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Министрлік пен елшілік істі ерекше бақылауға алған, – деді сыртқы істер министрінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев журналистермен кездесуде.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін, 22 жастағы Қазақстан азаматы Ернұр Алмаханның Дубайда өмір бойына бас бостандығынан айырылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Оның туыстары мен заңды өкілдері Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, көмек сұраған.
Сотталушының анасы Нұргүл Алмаханова мен заңгер Инга Иманбай Ернұр Алмаханға қандай айып тағылғанын білмейтіндерін айтып, іске сыртқы істер министрлігінің араласуын сұраған.