«Шектен шыққан заңсыздық»: ота үстелінде көз жұмған кәсіпкердің қызы көмек сұрады

Анар Лепесова
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстандық блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базарханның қызы анасының неден және қалай көз жұмғанын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қаралы хабарды Айдарбекова естіртті

Қаралы хабарды желіде алғашқылардың бірі болып продюсер Гүлзира Айдарбекова жеткізді. 

«Екі түн мүлдем ұйықтай алмадым, Гүлеке деп ыржиып кіріп келіп қалатындай, қоңырау соғатындай. Ұшақтың қонғаны сол, қаншама адам хабарласқан. Құрбыларым да, бала-шағам да суық хабарды естіп, тоқтамай звондай берген ғой. Жаным тыныш таппай, қайта ұшып кеттім. Ең болмаса жер қойнына Саулешімді жерлемей тұрып, көзіммен көргім келді», – деп жазды Айдарбекова.

Продюсердің сөзінше, ол марқұмның үйіне барып, соңғы рет жүзін көрген. «Моп-момақан болып ұйықтап жатыр, өзі де өте сабырлы еді», – деп еске алды ол.

Кейін әлеуметтік желіде Сәуле Базарханның пластикалық ота кезінде көз жұмғаны туралы ақпарат тарады. Сонымен қатар, 2ГИС платформасындағы пікірлерде де желі қолданушылары бұл ақпаратты растап:

«Осы жерде абдоминопластика отасы кезінде Сәуле Базархан қайтыс болды», – деп жазған.

Марқұмның қызы не дейді?

Көп ұзамай кәсіпкердің қызы анасының өліміне қатысты мән-жайды айтып, клиникаға наразылығын жария етті.

Қызының сөзінше, 2026 жылғы 15 мамырда Сәуле Ермаханова Алматыдағы «Smart Beauty Clinic» жеке клиникасында қайтыс болған. Оның айтуынша, дәрігерлер липосакция отасы бір жарым сағатқа ғана созылатынын айтқан. Ота жергілікті анестезиямен жасалуы тиіс болған.

Алайда арада бірнеше сағат өтсе де дәрігерлер ешқандай ақпарат бермеген.

«Бір сағат. Екі сағат. Үш сағат. Сұрақтарға ешкім жауап бермеді. Тек үндемей отырды», – дейді марқұмның қызы.

Оның айтуынша, анасының қайтыс болғанын клиника қызметкерлері еріп барған туысына тек кешкі алты шамасында хабарлаған.

Сондай-ақ ол жедел жәрдемнің тек кешкі жетілер шамасында келгенін айтты.

«Үш сағат. Үш сағат бойы анам жабық есіктің ар жағында жалғыз жатты. Ал біз ештеңе білмедік», – дейді ол.

Клиника әлі қызметін тоқтатпаған

Марқұмның қызы қазірге дейін жауапсыз қалған сұрақ көп екенін айтады. 

«Дәрігерлер неге өлім туралы бірден хабарламады? Сол уақыт аралығында олар не істеді — соны білгіміз келеді. Анамды аман алып қалу үшін қандай да бір әрекет жасалды ма? Неге жедел жәрдем бірден шақырылмады? Қазір болып жатқан жағдай — арсыздық пен заңсыздықтың шегінен шығуы», – делінген жазбада.

Сонымен қатар ол клиниканың жұмысы тоқтатылмағанына ашулы екенін жеткізді. Айтуынша, қайғылы жағдайдан төрт күн өткен соң таныстары клиникаға WhatsApp арқылы клиент болып хабарласқан. Сол кезде оларға прайс жіберіліп, ақылы онлайн-консультация ұсынылған және келесі аптаға операцияға жазылуға болатыны айтылған.

«Smart Beauty Clinic» өкілдері анамыздың өлімінің мән-жайы анықталмай жатып, жаңа пациенттерді қабылдауды жалғастырып отыр», – деді ол.

Қылмыстық іс

Марқұмның қызы қоғам өкілдері мен журналистерден бұл жағдайды жария етуге көмектесуді сұрады. Оның айтуынша, отбасы клиника қызметін уақытша тоқтатып, оқиғаны әділ тергеуді талап етпек.

«Анам көпшілікке танымал болды, әлеуметтік желіде миллиондаған аудиториясы бар еді. Бірақ біз үшін ол жай ғана ана және әже болды. Қамқор, өмірге құштар жан еді. Оның жасы 53-те болатын. Алда әлі қаншама жоспары бар еді», – деді ол.

Қазіргі уақытта аталған факі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Марқұмның жақындары істің соңына дейін барып, шындыққа қол жеткізетінін мәлімдеді.