«Тағы бір депрессивті өңір»: БҚО неге инвесторларды тарта алмай отыр?

Анар Лепесова
Ulysmedia.kz коллажы

Экономист Ернар Серік Батыс Қазақстан облысының инвестициялық өңірге айнала алмау себептерін атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Көлем бар, бірақ құрылым әлсіз» 

Сарапшының айтуынша, 2025 жылы БҚО-дағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 874 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда (450 млрд теңге) екі есеге жуық өсім.

Алайда экономистің пікірінше, басты мәселе – ақша көлемінде емес, оның қайда бағытталып жатқанында.

«Инвестицияның жартысына жуығы тау-кен өндіру саласына тиесілі. Қалған бөлігінің едәуір үлесі көлікке, жолдарға, денсаулық сақтау мен білім беруге кетеді. Бұл маңызды бағыттар, бірақ олар өңірдің жаңа өнеркәсіптік базасын қалыптастырмайды», – деді Ернар Серік.

Оның айтуынша, бұл салалардағы инвестицияның басым бөлігі мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асып отыр. Яғни, өңірге қаржы келіп жатқанымен, ол жеке сектордың серпініне айналмай отыр.

Бюджет – басты инвестор

Экономист өңір ішіндегі аудандардағы жағдайға да назар аударады.

«Былтыр мен БҚО аудандары бойынша инвестицияларға талдау жасаған едім. Сол кезде облыстың 13 ауданының 10-ында инвестиция құрылымындағы бюджет қаражатының үлесі 30%-дан асатыны, ал 7 ауданда 50%-дан жоғары екені анықталды», – деді сарапшы.

Оның пікірінше, бұл үрдіс 2025 жылы да сақталған, тіпті күшейген болуы мүмкін.

«Яғни көптеген аудандар үшін негізгі инвестор – жеке бизнес емес, мемлекет болып отыр», – дейді Ернар Серік.

Тек Бөрлі ауданы ғана ерекшеленеді. Себебі мұнда Қарашығанақ есебінен облыстық инвестиция ағынының шамамен 60 пайызы қалыптасады.

Өңдеу өнеркәсібі – ең әлсіз тұс

Сарапшының айтуынша, ең алаңдатарлық көрсеткіш – өңдеу өнеркәсібі.

«2025 жылы өңдеу өнеркәсібінің үлесіне өңірдегі барлық инвестицияның небәрі 6,5%-ы ғана тиді. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш тіпті 1,9% болған. Бұл ел бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі», – деді экономист.

Оның сөзінше, осы себепті БҚО өнеркәсіптік өндіріс бойынша елдің 20 өңірінің ішінде 17-орында тұр.

«Тарихи тұрғыдан өнеркәсіптік өңір ретінде қабылданатын аймақ үшін бұл өте маңызды дабыл», – деп атап өтті ол.

Шетелдік инвестиция қайда бағытталады?

БҚО-ға тікелей шетелдік инвестиция көлемі жылына 1,1–1,9 млрд доллар аралығында.

«Шетелдік инвестицияның басым бөлігі тау-кен өндіру мен геологиялық барлауға кетеді. Ал өңдеу өнеркәсібіне шетел капиталы іс жүзінде келмейді», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, өңірдің таза ТШИ ағыны нөлге жақын немесе теріс деңгейде қалып отыр. Бұл – жаңа өндіріс емес, ескі шикізаттық модельдің жалғасуы.

Экономист салыстырмалы мысал да келтіреді.

«Түркістан облысы 2025 жылы 2 млрд доллар ТШИ тартты. Бұл БҚО көрсеткішіне шамалас. Бірақ бес жыл бұрын Түркістан шамамен 300 млн доллар деңгейінде ғана болған», – деді ол.

Ал БҚО мықты бастапқы базаға қарамастан, айтарлықтай өсім көрсете алмаған.

«Бір орында тұрып қалғандай әсер қалдырады», – дейді сарапшы.

Логистика: артықшылық емес, есепті шығын

Өңірдің Ресейге жақын орналасуы көбіне артықшылық ретінде бағаланады. Бірақ экономистің бұл тұғыда пайымы бөлек.

«Оралдан Мәскеуге дейін шамамен 1300 км, Ақтауға дейін шамамен 1400 км, ал Астанаға дейін 1900 км. Инвестор үшін бұл жай ғана география емес. Бұл жеткізу құны, жеткізу уақыты, кадрларға, жеткізушілерге, сервистік қолдауға және өткізу нарықтарына қолжетімділік», – деді Ернар Серік.

Оның пікірінше, БҚО Қазақстанның негізгі өнеркәсіптік және экспорттық дәліздеріне толық кіріге алмаған.

«БҚО деген не?»

Сарапшы өңірдің позициялану мәселесін де көтереді.

«Көрші Ақтөбе өзін өнеркәсіптік-логистикалық хаб ретінде белсендірек көрсетіп жатыр. Атырау мұнай-газ орталығы ретінде түсінікті. Маңғыстау Каспиймен, теңіз портымен және логистикамен байланыстырылады. Ал инвестор үшін БҚО деген не?» – деп сұрақ қояды ол.

Экономистің айтуынша, инвестор үшін өңірдің нақты бейнесі әлі қалыптаспаған: мұнай-газ ба, шекаралық сауда ма, агроөңдеу ме, әлде машина жасау ма – нақты бағыт жоқ.

Инвесторға арналған байланыс терезесі жоқ

БҚО-да екі индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бірін арнайы экономикалық аймаққа айналдыру жоспарланған.

«Бірақ АЭА мәртебесі өздігінен инвестиция тартатын сиқырлы тетік емес. Егер индустриялық аймақтың қалыпты сайты, түсінікті визиткасы, презентациясы, бос жер учаскелерінің тізімі, инфрақұрылымдық параметрлері, тарифтері, шектеулері, мамандануы және инвесторға арналған нақты байланыс терезесі болмаса, жаңа мәртебе көп нәрсені өзгертпейді. Инвестор өңірдің не ұсынып отырғанын өзі болжап отырмауы керек», – деді Ернар Серік.

Оның пікірінше, инвестор 5–10 минут ішінде өңірдің не ұсынатынын түсінуі тиіс.

Басқару жүйесінің әсері

Экономист инвестициялық саясаттың тиімділігі басқару құрылымына да байланысты екенін айтады.

«Облыс әкімінде 4 орынбасар болғанына қарамастан, кәсіпкерлік пен инвестиция тартуға жауапты әкім орынбасары бір мезетте стратегияны, экономикалық дамуды, қаржыны, мемлекеттік сатып алуды, коммуналдық меншікті, денсаулық сақтауды, жұмыспен қамтуды, әлеуметтік бағдарламаларды, кәсіпкерлікті және индустриялық-инновациялық дамуды қадағалайды. Жаңалықтарға қарасақ, кейде тасқын мәселелерімен де айналысады», – деді ол.

Сарапшы мұндай жағдайда инвестиция жеке стратегиялық бағыт ретінде емес, қосалқы міндетке айналатынын айтады.

“Оның үстіне, Қарашығанақ пен шикізат секторының есебінен инвестициялар бойынша жалпы макрокөрсеткіштер салыстырмалы түрде қалыпты көрінген кезде, басшылықтың назарын денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, сатып алу, тасқын және ағымдағы бюджеттік күн тәртібі сияқты неғұрлым шұғыл әрі көзге көрінетін бағыттарға аударуы табиғи. Яғни негізгі назар көбіне мемлекеттік бюджетті игеруге кетеді”, – деді Ернар Серік.

Экономист Ернар Серіктің айтуынша, БҚО-ның негізгі мәселесі – әлеуеттің жетіспеуі емес, жұмыс істейтін инвестициялық модельдің жоқтығы.

«Капитал облысқа кіріп жатыр, бірақ негізінен жер қойнауына, жолдарға және әлеуметтік салаға бағытталуда. Ал өңдеу өнеркәсібі, жеке инвестициялар және шикізат секторынан тыс ТШИ әлсіз болып қалып отыр. Аудандардағы инвестициялық динамиканың едәуір бөлігін бизнес емес, іс жүзінде бюджет ұстап тұр. Сондықтан басты тәуекел мынада: Қарашығанақ белсенділігі төмендесе немесе салық базасы тарылса, бюджет өңірді шексіз сүйреп жүре алмайды, ал жаңа өнеркәсіптік база әзірге қалыптасқан жоқ. Егер қазір БҚО әлеуетін түсінікті инвестициялық өнімге айналдырмаса, бірнеше жылдан кейін шикізаттық тарихы, әдемі географиясы және әлсіз болашақ экономикасы бар тағы бір депрессивті өңір пайда болуы мүмкін», – деп түйіндеді сарапшы.