Астана халықаралық қаржы орталығының соты Украинаның «Нафтогаз» компаниясына Қазақстан аумағында Ресейдің «Газпром» компаниясынан шамамен 1,4 млрд доллар қаржыны мәжбүрлі түрде өндіріп алуға рұқсат берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Forbes басылымына сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Украиналық компанияның хабарлауынша, сот арбитраж шешімін мойындап, оны ел аумағында орындауға рұқсат берген. «Нафтогаз» бұл шетелдік соттың «Газпромға» қарсы арбитраж шешімін мәжбүрлі түрде орындауға ресми түрде алғаш рет рұқсат беруі екенін мәлімдеді.
ДАУ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
Компаниялар арасындағы дау 2019 жылы «Газпром» газын Украина арқылы транзитпен өткізу туралы жасалғанкелісімшартқа байланысты болып отыр.
2022 жылы соғыс басталған уақытта «Сохрановка» станциясы арқылы өтетін газ транзиті тоқтатылған. Алайда газ «Суджа» бекеті арқылы жөнелтілген.
«Нафтогаз» мәліметінше, осыдан кейін «Газпром» транзиттің жалғасуына қарамастан, келісімшарт бойынша қызмет ақысын толық төлемей қойған.
2022 жылдың күзінде «Нафтогаз» компаниясы Швейцариядағы халықаралық арбитражға талап-арыз берген. 2025 жылдың жазында сот «Газпром» компаниясына «Нафтогазға» 1,37 млрд доллар төлеуді міндеттеген. Кейіннен Ресей тарапы шешіммен келіспей, шағымдануға тырысқан. Алайда 2026 жылдың басында Швейцарияның Федералдық соты шешімді күшінде қалдырған.