Пластикалық ота клиникасында көз жұмған Сәуле Базарханның қазасы желіде үлкен резонанс тудырды. Ulysmedia.kz тілшісі марқұмның кім болғанын, немен айналысқанын анықтап көрді.
Әлеуметтік желідегі жарияланымдарға сүйенсек, ол – кәсіпкер, Instagram желісінде 1,1 миллионнан астам оқырманы бар танымал блогер. Dental clinic Dr.Naimanbayev атты тіс емханасының негізін қалаушы әрі басқарушы директоры болған. Танымал блогерлерге, өнер жұлдыздарына қызмет көрсететін бұл емхананың парақшасына желіде 120 мыңға жуық адам жазылған.
Блогер «Муз Премия-2023» жобасында үздік бизнес-леди атанса, «MUZA-2025» байқауында «үздік кәсіпкер блогер» номинациясын иеленген.
Желідегі парақшасынан Ермаханованың шоу-бизнес өкілдерімен де етене араласқанын аңғаруға болады.
Әншілер Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлімен түскен сурет-видеоларды жиі жүктеген. Бейнежазбалардан өнер иелерінің кәсіпкерге ықыласы мен ілтипатын көруге болады.
Сондай-ақ, Сәуле Базарханқызы Қайрат Нұртастың анасы, продюсер Гүлзира Айдарбековамен жақын құрбысы болған. Екеуі жиі бірге саяхаттаған, жиын-тойларда бірге қонақ болған. Кәсіпкердің қазасы жайлы көпшілікке алғаш болып естірткен де – Айдарбекова.
«Екі түн мүлдем ұйықтай алмадым, Гүлеке деп ыржиып кіріп келіп қалатындай, қоңырау соғатындай. Ұшақтың қонғаны сол, қаншама адам хабарласқан. Құрбыларым да, бала-шағам да суық хабарды естіп, тоқтамай звондай берген ғой. Жаным тыныш таппай, қайта ұшып кеттім. Ең болмаса жер қойнына Саулешімді жерлемей тұрып, көзіммен көргім келді», – деп жазды продюсер.
Айдарбекованың сөзінше, ол марқұмның үйіне барып, соңғы рет жүзін көрген. «Моп-момақан болып ұйықтап жатыр, өзі де өте сабырлы еді», – деп еске алды ол.
Марқұм 53 жаста болған. Алайда желідегі суреттерінен оның өз жасынан әлдеқайда жас көрінгенін байқауға болады. Instagram-дағы суреттерінің астына жазылған пікірлерде қолданушылар оның сұлулығы мен сымбатына таңданыстарын жасырмай, үнемі әдемі лебіздерін жолдаған.
«Сұлулық пен әдемілікті, ақыл мен көркем мінезді бір өзіңізге үйлестіріп берген, көйлектің реңін сіз ашып тұрғандайсыз», - дейді оқырмандарының бірі.
«Сұлулықтың символысыз», - депті тағы бір пікір қалдырушы.
Ал кәсіпкердің қазасын естігеннен кейін оқырмандарының бірі:
«Жарқыраған жұлдыз тәрізді едіңіз», - деп оның өмірден өткеніне өкініш білдірген.
Ашық дереккөздерде марқұмның отбасы жайлы бірде-бір дерек жоқ. Тек өзін Сәуле Базарханның қызымын деп таныстырған @aldina_uss аккаунтының иесі ғана желіде жазба жариялап, анасының өліміне қатысты мән-жайды айтты. Сондай-ақ, ол клиникаға наразылығын жария еткен.
Қызының сөзінше, 2026 жылғы 15 мамырда Сәуле Ермаханова Алматыдағы «Smart Beauty Clinic» жеке клиникасында қайтыс болған. Оның айтуынша, дәрігерлер липосакция отасы бір жарым сағатқа ғана созылатынын айтқан. Ота жергілікті анестезиямен жасалуы тиіс болған.
Алайда арада бірнеше сағат өтсе де дәрігерлер ешқандай ақпарат бермеген.
«Бір сағат. Екі сағат. Үш сағат. Сұрақтарға ешкім жауап бермеді. Тек үндемей отырды», – дейді марқұмның қызы.
Оның айтуынша, анасының қайтыс болғанын клиника қызметкерлері еріп барған туысына тек кешкі алты шамасында хабарлаған.
Сондай-ақ ол жедел жәрдемнің тек кешкі жетілер шамасында келгенін айтты.
«Үш сағат. Үш сағат бойы анам жабық есіктің ар жағында жалғыз жатты. Ал біз ештеңе білмедік», – дейді ол.
Марқұмның қызы қазірге дейін жауапсыз қалған сұрақ көп екенін айтады.
«Дәрігерлер неге өлім туралы бірден хабарламады? Сол уақыт аралығында олар не істеді — соны білгіміз келеді. Анамды аман алып қалу үшін қандай да бір әрекет жасалды ма? Неге жедел жәрдем бірден шақырылмады? Қазір болып жатқан жағдай — арсыздық пен заңсыздықтың шегінен шығуы», – делінген жазбада.
Сонымен қатар ол клиниканың жұмысы тоқтатылмағанына ашулы екенін жеткізді. Айтуынша, қайғылы жағдайдан төрт күн өткен соң таныстары клиникаға WhatsApp арқылы клиент болып хабарласқан. Сол кезде оларға прайс жіберіліп, ақылы онлайн-консультация ұсынылған және келесі аптаға операцияға жазылуға болатыны айтылған.
«Smart Beauty Clinic» өкілдері анамыздың өлімінің мән-жайы анықталмай жатып, жаңа пациенттерді қабылдауды жалғастырып отыр», – деді ол.
Марқұмның қызы қоғам өкілдері мен журналистерден бұл жағдайды жария етуге көмектесуді сұрады. Оның айтуынша, отбасы клиника қызметін уақытша тоқтатып, оқиғаны әділ тергеуді талап етпек.
«Анам көпшілікке танымал болды, әлеуметтік желіде миллиондаған аудиториясы бар еді. Бірақ біз үшін ол жай ғана ана және әже болды. Қамқор, өмірге құштар жан еді. Оның жасы 53-те болатын. Алда әлі қаншама жоспары бар еді», – деді ол.
Аталған факті бойынша Бостандық аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.
– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті тергеу амалдарының кешені жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Желіде резонанстан кейін кәсіпкерге ота жасаған клиника мәлімдеме жасады. «Smart Beauty Clinic» өкілдері оқиғаға байланысты заң бойынша барлық рәсім жүріп жатқанын хабарлады.
- Дәрігерлік құпияны сақтау қажеттілігіне, пациент отбасыға деген құрметке, сондай-ақ жүргізіліп жатқан шаралардың объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында клиника ресми рәсімдер аяқталғанға дейін оқиғаның мән-жайы мен медициналық деректеріне қатысты жария түрде пікір білдіруді мүмкін емес деп санайды, - делінген мәлімдемеде.