Ақтаудағы ұшақ апаты: Марқұмның туыстары өтемақыға таласып соттасып жүр

Ulysmedia
Lada

Ақтау түбінде құлаған AZAL ұшағына байланысты төленетін өтемақы мәселесі әлі толық шешілмеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Вице-премьер Қанат Бозымбаевнің айтуынша, кейбір отбасыларда өтемақыны нақты кім алатыны анықталмағандықтан, іс сотқа жеткен.

Еске салсақ, 2025 жылдың сәуірінде Ресей мен Әзербайжан Ақтау маңындағы ұшақ апатының салдарын реттеу және қаза тапқандардың отбасына өтемақы төлеу жөнінде келісімге келген болатын. Екі елдің Сыртқы істер министрліктері жариялаған мәлімдемеде апатқа Ресей әуе кеңістігіндегі әуе қорғаныс жүйесінің «абайсыз жасаған әрекеті» себеп болғаны айтылған.

Қанат Бозымбаевтың сөзінше, марқұмдардың кейбір мұрагерлері өтемақыны алып үлгерген. Алайда бірқатар отбасыда қаражатты кім алуы тиіс екені әлі сотта қаралып жатыр.

– Кейбір мұрагерлер төлемдерін алып жатыр. Өкінішке қарай, кейбірі қазір соттасып жүр. Сот кімнің өтемақы алатынын анықтап жатыр. Бір отбасы бойынша мәселе әлі шешілген жоқ. Төлемді сақтандыру компаниялары жүргізеді. Олар сот шешімі шыққан соң ақша төлеуге дайын, – деді Бозымбаев.

Ол Қазақстан тарапы барлық жолаушыға азаматтығына қарамастан өтемақы толық төленуін бақылауда ұстап отырғанын айтты.

Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Баку – Грозный бағытындағы Embraer 190 ұшағы Ақтаудан 3 шақырым жерде апатқа ұшыраған еді.