Мұнай компаниялары 1,5 млн гектар жерді ластаған

Ulysmedia

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Үкімет басшысына еліміздің мұнай өндіретін өңірлеріндегі экологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бақылау әлсіз

Мәжілісменнің сөзінше, мұнай өндіретін өңірлерде болып жатқан жағдайлар экологиялық қауіпсіздік, жер қойнауын пайдалану және мұнай өнімдерінің айналымы салаларында мемлекеттік бақылауды күшейту қажеттігін көрсетіп отыр.

"Бүгінде Қазақстанда 1,5 миллион гектардан астам жер мұнай және мұнай өнімдерімен ластанған. Экологиялық талаптарды бұзған мұнай өндіруші компанияларға ондаған миллиард теңгеге жуық айыппұлдар мен талаптар қойылып отыр", – деді ол.

Депутат Атырау облысындағы бірқатар ірі экологиялық заңбұзушылықтарды мысалға келтірді. Атап айтқанда, "Oxygenator" ЖШС рұқсатсыз мұнай қалдықтарын кәдеге жаратқаны үшін 37 миллиард теңге көлемінде айыппұлға тартылған. "Каспий Нефть" АҚ-қа экологиялық заңбұзушылықтар үшін 13 миллиард теңгеден астам талап қойылған.

Мемлекетке келтірілген залал

Құспеков Ақтөбе облысындағы Көл-Бас кен орнына қатысты жағдайға да ерекше назар аударған. Оның айтуынша, жер қойнауын пайдаланушы ілеспе мұнай газын кәдеге жаратуға арналған кешенді газ дайындау қондырғысын салу жөніндегі міндеттемелерден жалтарып, әрқайсысының қуаты 2 мегаватт болатын үш газтурбиналық қондырғыны пайдаланып отыр. Ал кен орнының нақты қажеттілігі 1 мегаваттан аз.

"Бұл ретте жылына 17 гигаватт-сағатқа дейінгі артық энергия арнайы жерге тұйықтау жүйелеріне жіберілуі мүмкін. Мамандардың бағалауынша, бұл топырақтың тозуына және жер асты суларының ластануына әкелуі ықтимал", – деді депутат.

Сонымен қатар, Олжас Құспеков Каспий өңірі арқылы мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты мәселелерді қосымша тексеру қажеттігін мәлімдеді.

Мысал ретінде депутат Meliana танкеріне қатысты жағдайды келтірді. Тергеу барысында хабарланғандай, 2022-2023 жылдары аталған танкер арқылы 2 мың тоннадан астам шикізат шығарылған. Мемлекетке келтірілген залал 1 миллиард теңгеден асып, бюджет 300 миллион теңгеден астам салық түсімінен айырылған.

"Нәтижесінде мемлекет табиғи ресурстардан және аймақтардың дамуына, мектептер, ауруханалар мен жолдар салуға бағытталуы тиіс қаражаттан қағылып отыр", - деді депутат.

Бұдан бөлек, депутат Төтенше жағдайлар министрлігіне өндірістік қауіпсіздік нормаларының орындалуын бақылауды тапсырды.