Маңғыстаулық депутат пластикалық отадан кейін көз жұмды

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуовтың қайтыс болғанын Ulysmedia.kz редакциясына мәслихат өкілдері растады. Алайда өлімнің нақты себебі айтылған жоқ.

Толығырақ

49 жастағы депутат иек астындағы артық майды липосакция әдісімен алдыру үшін клиникаға жүгінген. Ота 4 сәуір күні жасалған.

Операциядан кейін ер адамның жағдайы күрт нашарлаған. Жұбайының Stan.kz сайтына айтуынша, наркоз кезінде қиындық туындап, соның салдарынан ишемиялық инсульт болған. Депутат комаға түсіп, бір айдан кейін қайтыс болған.

Осы оқиғадан кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті аталған клиникаға тексеру жүргізген. Тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық анықталған: хирургия бөлімшесі толық жабдықталмаған, кей құралдардың пайдалану мерзімі өтіп кеткен, ал анафилактикалық шокқа қарсы дәрі-дәрмек болмаған.

Тексерушілердің мәліметінше, операция алдында пациент толық тексерілмеген. Сондай-ақ клиникада ересектерге стационарлық анестезиология және реаниматология қызметін көрсетуге арналған лицензия қосымшасы болмағаны белгілі болды.

Нәтижесінде тексеру материалдары қадағалау органына жолданып, енді клиниканың тағдырын прокуратура шешетін болады.

Ербол Айтуов жайлы

Ербол Айтуов Маңғыстау облыстық мәслихатына «Ақ жол» партиясынан сайланған. Ол мәслихат құрамына 2024 жылдың желтоқсанындағы қосымша сайлау нәтижесінде өткен.

Саясатқа дейін мұнай сервистік салада еңбек еткен. Маңғыстау облысы бойынша KazPetroDrilling акционерлік қоғамы вице-президенті қызметін атқарған. Ашық дереккөздерде оның бұрын KAZBURINVEST компаниясын басқарғаны да жазылған.

Редакция клиникамен байланысуға тырысқанымен, қоңыраулар мен хабарламаларға жауап болмаған. Ал Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме әзірлеп жатқанын хабарлады.