Астана полициясы күшейтілген режимге көшті

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

ІІМ мәліметінше, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының №5573 әскери бөлімінің аумағында қосымша күштердің, елордалық полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қатысуымен жалпы гарнизондық саптық таралым өтті. 

“Саптық таралым маңызды қоғамдық-саяси іс-шаралар қарсаңында жеке құрамның қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындауға дайындығын тексеру мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне елорда аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарға жедел ден қою, жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру және тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту бойынша нақты міндеттер жүктелді”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар азаматтар көп жиналатын орындарда қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындармен сыпайы әрі әдепті қарым-қатынас орнату мәселесіне ерекше назар аударылғаны айтылды.

Алматыдағы күшейтілген режим

Еске салайық, бұдан бұрын соңғы қоңырау қарсаңында Алматыда полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейтіні хабарланған.

- Жыл сайын мерекелік іс-шаралардың бақылаудан шығып кететін жағдайларымен бетпе-бет келеміз. Әсіресе коттедждерді жалға алу, алкогольдік ішімдіктерді пайдалану, сондай-ақ автокөліктермен қауіпті серуендер ұйымдастыру және “кортеждер” үлкен алаңдаушылық туғызады. Жасөспірімдер әсерлі бейнеролик түсіреміз деп жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жағдайда, оның соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін, – деп ескертті сақшылар.