Қазақстандық блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова ұзақ үзілістен кейін әлеуметтік желідегі парақшаларын қайта жандандыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
4 АЙДАН КЕЙІНГІ ОРАЛУ
Блогерлер Instagram парақшасында жаңа жазба жариялады.
Олар жарияланымда соңғы бірнеше ай бойы көпшілік назарынан тыс болғандарын атап өтті. Айтуларынша, бұл кезең сот процестерімен, уайыммен және отбасы ішіндегі күрделі жағдайлармен байланысты болған.
«9 ай үнсіз болдық. 4 ай әлеуметтік желіде болмадық. Осы уақыт ішінде көп нәрсе өтті соттар,уайым,отбасымызбен бірге қиын кезеңнен өттік. Бірақ бүгін қайта оралып отырмыз. Жаңа күшпен,жаңа оймен. Осы уақыт бойы бізге жазған, күткен, қолдау көрсеткен жандардың бәріне үлкен рахмет. Сіздердің қолдауларыңыз бізге күш берді. Бізбен бірге болғандарыңызға рахмет», – деп жазды олар.
Оқырмандардың басым бөлігі блогерлердің қайта оралғанына қолдау білдіріп, әлеуметтік желідегі парақшаларының қайта жанданатынына қуанышты екендерін жеткізген.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
2025 жылғы 15 қыркүйекте Астананың мамандандырылған ауданаралық соты ерлі-зайыпты Жанәбіловтерге қатысты әкімшілік істі қараған. Заңсыз лотерея өткізу дерегі бойынша іс тоқтап, қылмыстық құқықбұзушылық белгілеріне байланысты материалдар экономикалық тергеу департаментіне жолданған.
Қаржы мониторингі агенттігі Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты сенімге кіріп, заңсыз табыс тапқан деген күдікке ілінгенін хабарлады.
24 сәуірде сот алдындағы соңғы сөзінде Төлегенова көзіне жас алып, болған жайт үшін жауапкершілікті толық түсінетінін айтты. Сондай-ақ, процессуалдық келісім жасау жөнінде өтініш білдірді.
«Болған оқиғаға қатысты жауапкершілікті толық түсінеміз. Бұл біз үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Заңды бұзғанымыз үшін шын жүректен өкінеміз. Бас бостандығымыздан айырмайтын жаза тағайындауды сұраймыз. Өз құқығымды пайдалана отырып, сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процессуалдық келісім жасау туралы өтініш білдіремін. Оның барлық шарттары мен салдары бізге түсіндірілді», – деді ол.
ҮКІМ
27 сәуірде сот блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға үкім шығарған. Ерболат Жанабылов кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеумен бірге 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды және пробациялық бақылауға алынды. Эльмира Толегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бірақ балаларының жасы кіші болуына байланысты жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды.