Қазақстандықтар үшін шенген алу жеңілдейді

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында визалық режимді жеңілдету жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Брюссельде құжаттар санын азайтып, визаларды ұзақ мерзімге беру мәселесі талқыланып жатыр. Бұл туралы Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында  Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен мәлімдеді.

Толығырақ

Елшінің сөзінше, Брюссельдегі келіссөздердің мақсаты – талап етілетін құжаттар санын азайту.

“Біз кейбір талаптар алынып тасталады деген сенімдеміз. Мысалы, жұмыс орнынан анықтама адамның өз елінде тұрақты тұратынын, жұмысы бар екенін және міндетті түрде Қазақстанға қайта оралатынын растау үшін қажет. Сонымен қатар адамның сапар барысында шығындарын өтеуге жеткілікті қаржысы бар екенін көрсетуі тиіс. Сол себепті медициналық сақтандыру да талап етіледі – қажет болған жағдайда емделу шығындарын жабу үшін”, – дейді ол.

Дипломаттың сөзінше, бұл ережелердің барлығы адамның өз еліне қайтатынын және Германияда болған кезінде өзін-өзі қамтамасыз ете алатынын дәлелдеуге бағытталған. Бұл тек Қазақстанға қатысты емес, әлемнің көптеген елдеріне ортақ талаптар.

“Қазір ұзақ мерзімді визалар беру жүйесі «каскадтық принцип» бойынша жұмыс істейді. Егер адам бірнеше рет қысқа мерзімді виза алып, оны дұрыс пайдаланып, уақытында қайтып отырса, кейін бір жылдық немесе тіпті бірнеше жылдық виза алуға үміткер бола алады”, – дейді Германия елшісі. 

Контекст

Германия – Қазақстан үшін әрі алыс, әрі жақын ел: еліміздегі әр екінші отбасының онда туыстары немесе таныстары бар. Бұл мемлекет – Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі. Сондықтан Қазақстандағы неміс инвестициясының көлемі 5 миллиард доллардан асуы және әлемдегі тұрақсыздық екі ел арасындағы қарым-қатынасқа айтарлықтай әсер етпегені таңғаларлық жағдай емес. Дей қарамастан, Қазақстан азаматтарының Германияға баруы әлі де қиын мәселе – визалық режим күрделі.

Осы және өзге де мәселелер қалай шешіліп жатқанын Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен сұхбатта толық айтып берді.