3,2 трлн теңге: Қазақстандықтар маркетплейстерден көбіне не сатып алады?

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

2025 жылы Қазақстандағы онлайн бөлшек сауда нарығының көлемі 3,7 трлн теңгеден асты. Яғни қазақстандықтар интернет арқылы тауар сатып алуға осынша қаражат жұмсаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Нарық қарқынды өсіп келеді

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, табыстың басым бөлігін маркетплейстер иеленген. Олар 3,2 трлн теңгенің тауарын сатып, нарықтың 86 пайызын қамтыған. Ал өздерінің интернет-дүкендері арқылы сауда жүргізетін компаниялардың үлесіне 531,3 млрд теңге немесе 14 пайыз тиесілі.

Соңғы жылдары онлайн сауда көлемі тұрақты түрде артып келеді. 2022 жылдан бері нарық көлемі шамамен екі есеге ұлғайған.

Қазақстандықтар интернеттен көбіне не сатып алады?

Статистикадағы ең қызықты көрсеткіштердің бірі – халықтың интернет арқылы қандай тауарларды жиі сатып алатыны.

2025 жылы ең көп сұранысқа ие санат – ұялы телефондар мен түрлі гаджеттер болды. Бұл тауарларға қазақстандықтар 552,9 млрд теңге жұмсаған.

Екінші орында – киім-кешек, аяқ киім және спорт тауарлары. Олардың сатылым көлемі 401 млрд теңгеге жеткен.

Үшінші орында – үйге және саяжайға арналған тауарлар. Бұл санаттағы сауда көлемі 390,5 млрд теңгені құраған.

Өткен жылы бір тапсырыстың орташа құны 11,1 мың теңге болған.

Бұдан бөлек, қазақстандықтар маркетплейстерден тұрмыстық техника, азық-түлік, компьютерлер, автокөлікке арналған тауарлар, жиһаз, косметика және құрылыс материалдарын жиі сатып алады.

Бұл тауарлардың басым бөлігі нарықтағы санаулы ірі компаниялар арқылы сатылып жатыр.

Арнайы интернет-дүкендерге сұраныс бар

Мамандандырылған онлайн дүкендерде тұтынушылар көбіне тұрмыстық техника, гаджеттер мен азық-түлік сатып алғанды жөн көреді.

Мұндағы тапсырыстардың құны да жоғары. Бір сатып алудың орташа көлемі 23,3 мың теңгені құраған.

Тек тауар емес, қызмет те табыс әкеледі

Маркетплейстер тек тауар сатудан ғана емес, түрлі қызметтерден де қомақты табыс табады.

2025 жылы ең үлкен кіріс жолаушылар тасымалы қызметінен түскен – 863,4 млрд теңге.

Одан кейін көлік билеттерін сату мен брондау қызметтері орналасқан. Бұл бағыттағы табыс 624,6 млрд теңгеге жеткен.

Үшінші орында жарнама қызметтері тұр – 119,3 млрд теңге.

Сондай-ақ онлайн платформаларға тамақ жеткізу, жүк тасымалдау, қонақүй брондау және білім беру курстары да табыс әкеледі.

Қызмет көрсетуге маманданған компаниялардың арасында шағын және орта бизнес өкілдері басым.

Бұған дейін Қазақстан билігі маркетплейстердің жұмысына қатысты жаңа талаптар енгізуді жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.