"Өлім өндірісі": Ресейлік колледжді жарнамалаған Алау Нұртастың басы дауға қалды

Ulysmedia
Қайрат Нұртас пен қызы Алау Нұртас: Instagram/kaalau_

Қайрат Нұртастың қызы Алау Нұртастың басы дауға қалды. Желі қолданушылары оны TikTok әлеуметтік желісінде Ресейде "өлім өндірісі" деген атпен танылған "Алабуга Политех" колледжін жарнамалағаны үшін сынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Treads әлеуметтік желісінде қолданушылардың бірі жазған. Ол Алау Нұртастың TikTok-тағы парақшасынан Татарстанда орналасқан “Алабуга Политех” оқу орнын жарнамалағанын көріп, сынға алған.

“Украина халқын бомбалау үшін дрон мен қару-жарақ шығарылатын “Алабуга Политехқа” Қайрат Нұртастың қызы жарнама жасаған. Осындайлар өздерінің дұрыс емес іс жасап жатқанын түсінбей ме? Әлде ата-анасы, үлкендері, менеджерлері қарамайды ма? Ертең басымызға күн туса да, дым болмағандай тикток түсіріп жүре беретін шығар?”, – деп наразы болды ол.

Айта кету керек, ресми дереккөздердегі ақпаратқа сай,  “Алабуга Политех” білім беру, оның ішінде мектепке дейінгі білім беру қызметін атқаратын Татарстандағы политехникалық колледж.  Колледж 2023 жылы бірқатар тәуелсіз журналистердің назарына студенттерді әскери өндіріс орындарына жұмысқа тартып, тәлімгерлердің құқығын бұза отырып, түрлі буллинг әрекеттерін жасағаны үшін іліккен. Журналистік зерттеулерде колледж базасында ұшақсыз ұшатын аппараттар жасап, ол өнімдерді Ресей Украинаға қарсы соғыста қолданатыны жазылған. 

Сондай-ақ оқу орнына Еуропалық одақ пен АҚШ санкциялары салынған.