5 млн теңгеге еккен раушан гүлдерін су шайып кетті: Қазығұрттағы нөсер салдары орасан

Ulysmedia
ашық дереккөзден

Түркістан облысында нөсер жауыннан кейін екі ауылды су басты. Тұрғындардың айтуынша, сай-саладан аққан қызыл су ауылды небәрі жарты сағат ішінде жайлаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әсіресе Жіңішке ауылы қатты зардап шеккен. Су бірнеше үйдің ауласына кіріп, қора-қопсыны қиратып, шаруашылыққа зиян келтірген.

Ауыл тұрғыны Бақтияр Әлімханов селден кейін бар еңбегі зая кеткенін айтады.

– Барлығы судың астында қалды. Үй де, қора да кетті. Миллион теңгеге алған жоңышқам ағып кетті. 5 миллион теңгеге еккен раушан гүлдерімнен түк қалмады, – дейді тұрғын.

Оның сөзінше, су деңгейі бір метрге дейін көтерілген. Отбасы малды әрең құтқарып қалған.

– Бұл күндіз болды. Егер түнде келгенде, ауылда адам шығыны болуы мүмкін еді, – дейді ол.

Тұрғындар апат кезінде ескерту болмағанына да наразы.

– Ешкім келген жоқ. Өзіміз өзімізге көмектестік. Алдын ала хабар беру керек еді, – дейді ауыл тұрғындары.

Батпа Рахметоватің айтуынша, топан су отбасының шаруашылығына орасан зиян келтірген.

– Балам балық шаруашылығымен айналысып жүрген. Су арықтарды бұзып, балықтың бәрін ағызып әкетті. Ауланың бәрі ойран болды, – дейді тұрғын.

Оның сөзінше, сел кезінде өзі де балаларымен бірге су ортасында қалып қойған.

– Үлкен балам сүйреп шығарып алды. Кішкентай баланы да әрең алып шықтық. Әзер құтылдық. Өмірімізде мұндайды көрмегенбіз, – дейді ол.

Қазығұрт ауданы әкімдігі нөсер жауын салдарынан 14 үйдің ауласына су кіргенін мәлімдеді.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуовтің айтуынша, екі үйдің қоршауы құлап, бір үй мен бір қораға зақым келген.

– Қазір барлық шығын есептеліп жатыр. Заң аясында демеушілер арқылы көмек көрсетіледі, – деді әкімдік өкілі.

Әкімдік мәліметінше, апат салдарын жою жұмыстарына 120 адам жұмылдырылған.