Алматыда журналист Вадим Борейкоға қатысты азаматтық іс бойынша кезекті алдын ала сот отырысы өтті. Судья Айдар Өтебеков құрылыс салушы «Etude-Ybyrai» ЖШС өкілінің сот процесін жабық өткізу туралы өтінішін қанағаттандырмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Компания өкілі Бақыт Қасыбаев бұған дейінгі отырыста БАҚ қатысса, бұл компанияның беделіне нұқсан келтіріп, қоғамдық пікірге ықпал етуі мүмкін екенін айтқан еді. Алайда сот бұл уәжді қабылдамай, істің ашық түрде қаралатынын мәлімдеді.
Редакция қолына түскен талап-арыздың нақтыланған нұсқасына сәйкес, құрылыс компаниясы Вадим Борейконың YouTube-тегі «ГИПЕРБОРЕЙ» арнасында жарияланған бес бейнематериалы мен Instagram-дағы екі жазбасын даулап отыр.
Талапкер бұл материалдарда Алматының 12-шағынауданындағы «Premier» тұрғын үй кешенінің құрылысы туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер таратылған деп санайды.
Атап айтқанда, компания бұрынғы Алматы әкімі Ерболат Досаев құрылысқа тыйым салып, ол қызметтен кеткеннен кейін жұмыстар қайта жанданды деген пікірлермен келіспейді. Сондай-ақ құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары жоқ және нысан заңсыз деп танылған деген мәлімдемелерді де жоққа шығарады.
Бұдан бөлек, компанияны «бизнесті қолдан бөлшектеу белгілері бар» деген сияқты тұжырымдар да наразылық тудырған.
Талапкер соттан тұрғын үй кешенінің құрылысын «ашық заңсыз құрылыс», «құрылыс саласындағы жүгенсіздік» және «құрылысшылардың ойына келгенін істеуі» деп сипаттаған сөздерді жалған мәлімет деп тануды сұрайды.
Компания өкілдерінің айтуынша, құрылыстың заңсыз екені және құжаттарының жоқтығы туралы жарияланымдар олардың іскерлік беделіне ғана емес, қаржылық жағдайына да зиян келтірген.
Олардың пікірінше, мұндай ақпарат әлеуетті сатып алушылардың сеніміне селкеу түсіріп, үлескерлердің азаюына және мердігерлермен жасалатын келісімдердің бұзылуына әкелуі мүмкін.
Сондықтан «Etude-Ybyrai» ЖШС даулы материалдарды өшіруді, оларды ресми түрде теріске шығаруды және журналистен 71 миллион теңгеден астам өтемақы өндіріп беруді талап етіп отыр.
Журналист Вадим Борейко өзіне тағылған талаптарды мойындамайды. Оның айтуынша, ол тек журналистік міндетін орындап, мәселе бойынша түрлі тараптың пікірін жариялаған.
Борейконың адвокаты Жанна Оразбақованың сөзінше, талап-арызда журналистің өзіне тиесілі емес сөздер оған таңылып отыр.
«Даулы пікірлердің көбі Борейконың аузынан шыққан жоқ. Олардың арасында аудан тұрғындарының, депутат Базарбектің, тіпті бұрынғы әкім Досаевтың сөздері де бар. Қазір талапкер сол пікірлердің бәрін Борейко айтты деп көрсетіп отыр. Ал Досаевтың құрылысты тоқтатқаны туралы айтқаны – оның өз сөзі. Сонымен қатар Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев те құрылыс уақытша тоқтатылғанын мәлімдеген болатын», – деді адвокат сот отырысында.
Журналистің қорғаушылары Алматы әкімдігінің бірнеше қызметкерін және Бақытжан Базарбекті сотқа куәгер ретінде шақыру жөнінде өтініш білдірді.
Олардың барлығы кезінде «ГИПЕРБОРЕЙ» арнасына сұхбат беріп, аталған құрылысқа қатысты пікір айтқан.
Еске салайық, іс әлі алдын ала қарау сатысында болғанына қарамастан, сәуір айының соңында сот Вадим Борейконың барлық банк шоттарын, депозиттерін және зейнетақы жинақтарын бұғаттау туралы шешім шығарған болатын.