«Дауыс жоқ!»: 20 жылдығын атап өткен «КешYOU» тобы сынға ұшырады

Қалижан Бектемір
Фото: instagram.com/KeshYou_officia

Қазақстандағы ең танымал қыздар топтарының бірі – «КешYOU» биыл сахнадағы 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Осыған орай 29 мамыр күні Алматы қаласының Орталық стадионында ауқымды концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КОНЦЕРТ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, топ тарихында алғаш рет әр жылдары өнер көрсеткен барлық құрамның әншілері бір сахнада бас қосты. Топтағы шығармашылық жолын бастап, кейін жеке жұлдызға айналған әншілер де көрермен алдында қайтадан бірге өнер көрсетті.

Мерейтойлық кеш үшін арнайы сахналық қойылым әзірленді. Шоуда бұрын-соңды қолданылмаған декорациялар, ерекше реквизиттер мен заманауи визуалды контент ұсынылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, концертке арналған арнайы сценография жасалып, 500-ден астам сахналық костюм тігілген. Сонымен қатар арнайы іріктеуден өткен 48 биші өнер көрсетті.

Топтың продюсері Баян Алагөзова осыдан 20 жыл бұрын жобаны бастағанда оның табысты боларына көпшілік күмәнмен қарағанын айтты. Бүгінде «КешYOU» бірнеше буын тыңдарманы сүйіп тыңдайтын, ондаған әнші өнер көрсеткен үлкен музыкалық жобаға айналды.

Бүгінде «КешYOU» жай ғана топ емес. Бұл – көптеген адамның өмірімен байланысты үлкен тарих, – деді продюсер.

КӨРЕРМЕНДЕР ПІКІРІ

Дегенмен әншілердің жанды дауыста ән айта алмағаны көпшіліктің сынына ұшырады. Концертті арнайы тамашалаған кейбір көрермендердің пікірінше, фонограммаға қарсы заң қабылданғаны өте орынды болған.