Шығыс Қазақстан облысында орналасқан «Востокцветмет» шахтасында тағы бір қайғылы жағдай тіркелді. Бұл соңғы бір ай ішінде KAZ Minerals құрамындағы өндірістерде болған екінші адам өлімі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
30 мамыр күні шамамен сағат 20:30-да «Востокцветмет» ЖШС-ға қарасты Артемьев кеніші аумағында тау жыныстары опырылған. Соның салдарынан бір жұмысшы оқиға орнында қаза тапты.
Қайғылы жағдайдан кейін авариялық учаскедегі барлық жұмыс дереу тоқтатылды. Оқиға орнында арнайы комиссия құрылып, уәкілетті органдардың қатысуымен тексеру мен тергеу жұмыстары басталды.
ЖАҒДАЙ БАҚЫЛАУДА
Сонымен қатар компания басшылығы жағдайды бақылауға алған. Андрей Третьяков оқиға орнына барғаны хабарланды.
Компания қаза болған жұмысшының отбасына барлық қажетті көмекті көрсететінін мәлімдеді.
Бұған дейін Абай облысында Kaz Minerals шахтасында жұмысшының қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы Артемьев шахтасында жұмысшы қаза болғанын да хабарладық.
БҰҒАН ДЕЙІНГІ АПАТ
Мұндай оқиғалар Kaz Minerals нысандарында бұған дейін де тіркелген. 19 наурызда компанияға тиесілі Орлов шахтасында бір жұмысшы қаза тауып, тағы екеуі жарақат алған.
КӘСІПОРЫН ЖАЙЛЫ
Kaz Minerals 2014 жылы Kazakhmys компаниясының бөлінуі нәтижесінде құрылған. Forbes журналының 2023 жылғы дерегіне сәйкес, кәсіпорын Қазақстандағы ең ірі жекеменшік компанияға айналған.
Холдинг құрамына Бозшакөл мен Ақтоғай кеніштері, Шығыс Қазақстандағы үш жерасты кеніші, Қырғызстан аумағындағы Бозымшақ алтын-мыс кеніші, сондай-ақ Ресейдегі Баимск кен орны кіреді.
Компанияның қаржылық көрсеткіштері де жоғары деңгейде: жылдық кірісі 1,63 трлн теңге, ал таза пайдасы 341,8 млрд теңге.