Маусым айы қазақстандықтар үшін бірқатар маңызды өзгеріспен басталмақ. Алдағы айда тұрғын үй бағдарламалары іске қосылып, еңбек заңнамасына түзетулер күшіне енеді. Сонымен қатар коммуналдық қызметтердің құны, сақтандыру тарифтері және кейбір көлік қызметтері қымбаттауы мүмкін. Ulysmedia.kz маусым айындағы негізгі жаңалықтарға шолу жасады.
ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН ИПОТЕКА
1 маусымнан бастап Алматы қаласында жастарға арналған «Алматы жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау басталады. Құжаттар 15 маусымға дейін арнайы портал арқылы қабылданады.
Бағдарлама аясында тұрғын үй несиесі жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Алғашқы жарна – 10 пайыз, ал қарыздың ең жоғары сомасы – 20 миллион теңге.
Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, ғылым, журналистика, әлеуметтік қызмет және коммуналдық сала өкілдері қатыса алады.
САЛЫҚ АҚПАРАТЫНА ҚОЛЖЕТІМДІЛІК КЕҢЕЙЕДІ
2 маусымнан бастап мемлекеттік органдар арасында салықтық мәліметтермен алмасудың жаңа тәртібі енгізіледі.
Жаңа ережеге сәйкес, мемлекеттік құрылымдар азаматтардың немесе компаниялардың қосымша рұқсатынсыз бір-біріне салықтық ақпарат бере алады. Бұл өзгеріс қаржылық ашықтықты арттыруға және көлеңкелі экономиканы қысқартуға бағытталған.
ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫНА ҚАТЫСТЫ ЖАҢА ӘДІСТЕМЕ
4 маусымнан бастап зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегін есептеу тәсілі өзгереді.
Енді көрсеткіш азаматтың жасы, болжамды өмір сүру ұзақтығы, ең төменгі зейнетақы мөлшері, инвестициялық табыстылық және басқа да параметрлер негізінде анықталады. Жаңа жүйе жинақтарды мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігін есептеуді нақтылай түспек.
ЕҢБЕК КОДЕКСІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР КҮШІНЕ ЕНЕДІ
8 маусымнан бастап еңбек қатынастарын реттеуге қатысты жаңа нормалар қолданыла бастайды.
Заңдағы маңызды өзгерістердің бірі – тұрақты жұмыс істейтін қызметкерлерді азаматтық-құқықтық шарттар арқылы рәсімдеуге шектеу қою. Егер адам тұрақты кестемен жұмыс істеп, ұйымның ішкі тәртібіне бағынса, жұмыс беруші онымен еңбек шартын жасауға міндетті болады.
Сонымен қатар үстеме жұмыс пен түнгі еңбек үшін төленетін ақыға қойылатын талаптар күшейтіледі.
ЕСКІ 2000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТТАРДЫҢ АЙНАЛЫМЫ АЯҚТАЛАДЫ
25 маусымда ескі үлгідегі 2000 теңгелік купюралардың қатар айналымда жүру мерзімі аяқталады.
Алайда азаматтар оларды үш жыл бойы екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелерінде жаңа банкноттарға айырбастай алады. Ұлттық банк филиалдарында айырбастау мерзімсіз жүргізіледі.
«БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСУ ТАЛАПТАРЫ ЖАҢАРАДЫ
2 маусымнан бастап халықаралық «Болашақ» стипендиялық бағдарламасына іріктеу шарттарына өзгерістер енгізіледі.
Жаңа ережелер атом энергетикасы, жасанды интеллект, инженерия, медицина және мемлекеттік қызмет саласындағы мамандар үшін қосымша мүмкіндіктер қарастырады. Әсіресе жасанды интеллект саласындағы мамандарға қойылатын еңбек өтілі талабы екі есе қысқарады.
ҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫ КЛИЕНТТЕРДІҢ ШАҒЫМДАРЫ БОЙЫНША ЕСЕП БЕРЕДІ
27 маусымнан бастап банктер мен қаржы ұйымдары клиенттердің шағымдары жөнінде арнайы есеп әзірлеп, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне тапсыруға міндеттеледі.
Бұл құжаттарда өтініштердің саны, олардың қаралу нәтижесі және тұтынушыларға тигізген ықпалы көрсетіледі.
ҚАНДАЙ ҚЫЗМЕТТЕР ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН?
«Қазақстан темір жолы» жүк тасымалына қатысты тарифтерді бірнеше есеге дейін көтеру мүмкіндігін қарастыруда.
Мамандардың пікірінше, бұл шешім логистикалық шығындардың өсуіне және бірқатар тауар бағасының қымбаттауына әсер етуі ықтимал.
Астанада электр энергиясының бағасы көтерілуі мүмкін
«Астана-РЭК» компаниясы электр энергиясының шекті тарифін көтеруді ұсынды.
Ұсыныс мақұлданған жағдайда бір киловатт-сағаттың құны қазіргі 31,18 теңгеден 35,07 теңгеге дейін өседі.
Міндетті автосақтандыру құны артуы мүмкін
Маусымнан бастап міндетті автосақтандыру жүйесінде жаңа ережелер енгізіледі.
Апатсыз жүргізушілерге берілетін жеңілдіктер азайып, сақтандыру компаниялары тәуекел деңгейіне қарай тарифтерді икемді түрде белгілеуге мүмкіндік алады. Сарапшылар сақтандыру құны 20-40 пайыз аралығында өсуі мүмкін екенін айтады.
Мұнай тасымалдау тарифі өседі
1 маусымнан бастап «ҚазТрансОйл» экспорттық мұнайды тасымалдау қызметінің құнын көтереді.
Жаңа тариф бойынша мың шақырымға бір тонна мұнайды тасымалдау бағасы 12 500 теңгені құрайды.
Бизнеске арналған цифрлық қызметтер қымбаттайды
Маусымнан бастап «1С:Фреш» жүйесінің бірқатар тарифтері 25-30 пайызға дейін өседі.
Бұл өзгеріс бухгалтерлік есеп пен бизнес-процестерді автоматтандыруға арналған қызметтерді пайдаланатын кәсіпкерлердің шығындарын арттыруы мүмкін.
КӨЛІК САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР
Жүк тасымалы толық цифрландырылады
1 маусымнан бастап салмағы 3,5 тоннадан асатын жүк көліктерінің құжаттары тек электронды форматта рәсімделеді.
Бұл жүйе тасымалдау процестерін онлайн бақылауға мүмкіндік береді.
Жаңа халықаралық әуе бағыттары ашылады
Жаз мезгілінде Қазақстаннан бірнеше жаңа халықаралық рейс іске қосылады.
Олардың қатарында:
Балқашқа қосымша пойыздар қатынайды
Жазғы маусымда туристік бағыттарға сұраныстың артуына байланысты қосымша 15 теміржол бағыты іске қосылады.
Сондай-ақ 1 маусымнан бастап Қарағанды мен Балқаш арасындағы жаңа пойыз қатынай бастайды.
ALTEL ОТБАСЫЛЫҚ ТАРИФТЕРДІ АРЗАНДАТАДЫ
22 маусымнан бастап Altel байланыс операторы «Менің отбасым» тарифтерінің бағасын төмендетеді. Бұл ретте интернет пен байланыс қызметтерінің көлемі бұрынғы деңгейде сақталады.
МАУСЫМДА ҚОСЫМША ДЕМАЛЫС КҮНДЕРІ БОЛМАЙДЫ
Биыл маусым айында мемлекеттік мерекелерге байланысты қосымша демалыс қарастырылмаған.
Бес күндік жұмыс аптасы бойынша қазақстандықтарды:
Жалпы, маусым айы қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктермен қатар қосымша шығындарды да ала келмек. Бір жағынан жеңілдетілген ипотека мен жаңа халықаралық бағыттар іске қосылса, екінші жағынан коммуналдық қызметтер мен бірқатар қызмет түрлерінің бағасы өсуі мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін елімізде 1 маусымнан бастап жылжымайтын мүліктің техникалық паспорты тек онлайн рәсімделетінін, бұған дейін қызмет ақысын төлеу және дайын құжатты алу үшін ХҚКО-ға бару қажет болатынын жазған едік.