Жангелдин ауылында бір отбасының бірнеше мүшесінің қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасуда. Іс бойынша айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиевтің ата-анасы куә ретінде жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Ақжайық" басылымына сілтеме жасап.
СОТТАЛУШЫНЫҢ ӘКЕСІ НЕ ДЕДІ?
Сотта алдымен айыпталушының әкесі Самиғолла Сәрсемалиев тыңдалды. Ол өз сөзінде ұлының мінезі сабырлы, отбасына жауапкершілікпен қарайтын адам болғанын айтты. Әкесінің айтуынша, Сұлтан жанжалдан аулақ жүріп, зиянды әдеттерден бойын сақтаған.
Ол әрдайым отбасының жағдайын ойлайтын, жауапты азамат еді, – деді куәгер.
Сонымен бірге ол ұлын толықтай ақтауға тырыспайтынын, істің барлық мән-жайын сот анықтауы қажет екенін жеткізді.
Әкесі сотта ұлының мұндай ауыр қылмысқа қатысы бар екеніне әлі күнге дейін сене алмайтынын айтып, марқұмдардың балаларын әлеуметтік мекемелер тәрбиелеп жатқанын естігенін де атап өтті.
Жауап алу барысында ол ұлы мен бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева арасында елеулі жанжалдар болғанын байқамағанын, оның әйеліне қол көтергенін немесе дөрекілік танытқанын көрмегенін айтты.
АНАСЫ НЕ АЙТТЫ?
Сондай-ақ куәгер өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында болған оқиғалардан хабарсыз болғанын жеткізді. Марқұмдардың туыстары байланыса алмағанын айтқанда да ол бұл жағдайға мән бермегенін, кейін ғана мән-жайды білгенін айтты.
Кейін сотта айыпталушының анасы Гүлнар Әзмұханова да жауап берді. Ол сот сұрақтарына жауап беруден бас тартқандықтан, тергеу кезінде берген бұрынғы айғақтары жария етілді.
Сот залынан шығар алдында ол ұлына қарата сөз айтып, оның бес баласының әкесі екенін еске салды.
Бекем бол. Өмір үшін күрес. Балаларыңа әкең бар екенін айтып отырамын, – деді ол.
Қазіргі уақытта сот процесі жалғасуда. Іс бойынша куәгерлерден жауап алу кезеңі жүріп жатыр.
ҚЫЛМЫС ТАРИХЫ
Еске салайық, Атырау облысы Женгелдин ауылында тұратын Қарабалиндер отбасы 2025 жылдың желтоқсан айының соңында із-түзсіз жоғалып кеткен.
Кейін 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен оның әйелі Нәсіп Өтешқалиеваның денелері өз үйлерінің ауласындағы шаруашылық құрылысының астынан табылды.
Сәрсемәлиев пен оның әйеліне халықаралық іздеу жарияланып, 2026 жылдың ақпанында Бали аралында ұсталған. Қазақстанға экстрадицияланғаннан кейін Сәрсемәлиев Қарабалиндердің ұлы мен қызының мәйіттері жасырылған орынды өзі көрсеткен. Олардың сүйектері Атырау маңындағы жалдамалы үйдің ауласынан табылды.