Қазақстан АҚШ пен Иран Ислам Республикасының ядролық бағдарламасы бойынша келісімге келген жағдайда 60%-ға дейін байытылған ирандық уран қорын өз аумағында сақтауға дайын екенін білдірді. Бұл туралы Халықаралық атом энергиясы агенттігі басшысы Рафаэль Гросси Financial Times газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, бұл мәселе осы аптада Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі кезінде талқыланған.
Financial Times мәліметінше, сөз болып отырған қор шамамен 440 келі уранды құрайды. Сарапшылардың пікірінше, егер бұл уран 90%-ға дейін қосымша байытылса, шамамен он ядролық қару жасауға жеткілікті материал алуға болады. Сондықтан бұл қордың тағдыры Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздердегі ең күрделі мәселелердің бірі болып отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін бұл материалды Иран аумағынан шығаруды талап еткен болатын.
Сонымен қатар, Тегеран өз уран қорын беруге ниетті емес екенін бірнеше рет мәлімдеген. Алайда Financial Times ақпаратына сәйкес, талқыланып жатқан келісім аясында уранды сұйылту немесе оны үшінші мемлекетке сақтауға беру нұсқалары қарастырылуы мүмкін.
Рафаэль Гросси Қазақстанда қазірдің өзінде МАГАТЭ төмен байытылған уран банкі жұмыс істейтінін атап өтті. Сондықтан елде мұндай материалды қауіпсіз сақтауға қажетті инфрақұрылым бар.
«Бізде оны қауіпсіз сақтауға болатын орын бар», - деді агенттік басшысы.
Оның пікірінше, мұндай шешім АҚШ үшін де, Иран үшін де қолайлы болуы мүмкін.
Financial Times басылымының жазуынша, АҚШ-тың Натанз ядролық кешені, Фордо ядролық нысаны және Исфахан ядролық орталығы объектілеріне жасаған соққыларынан кейін жоғары деңгейде байытылған уран қоры осы нысандардың қирандылары астында қалуы мүмкін.
Басылымның мәліметінше, бұл материалды сақтау, елден шығару немесе залалсыздандыру мәселелері АҚШ пен Иран арасындағы алдағы келісімдердің бір бөлігіне айналуы ықтимал. Ал Иран өз ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсаттарға арналғанын айтып келеді.