Желіде интим видеосы тарап кеткен асаба қамауға алынды

Ulysmedia
instagram.com/07_xaan

Ақтауда «Хан Тамада» атымен танылған шоумен Қасым Өтешев 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Шешімді Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Толығырақ

Сот құжаттарына сәйкес, 2026 жылдың 13 мамырында полиция басқармасы Өтешевке 30 күн мерзімге қорғау нұсқамасын берген. Оған азаматтық некедегі жұбайының еркінен тыс онымен кездесуге, телефон арқылы хабарласуға, үйіне баруға және кез келген байланыс орнатуға тыйым салынған.

Алайда 21 мамыр күні 15-шағын аудандағы пәтерде отбасылық жанжал болған. Жәбірленушінің айтуынша, азаматтық некедегі жұбайы оның жанында отырған құрбысының көзінше балағат сөздер айтып, намысына тиген. Бұл деректерді сот отырысында куәгер де растаған.

Қасым Өтешев сотта өз кінәсін мойындамаған. Оның айтуынша, жанжалды екінші тарап бастаған, айқай-шу шығарып, полиция шақырамын деп қорқытқан, өзі заңсыз әрекет жасамаған.

Сот шешімі

Сот оның кінәсін жәбірленушінің арызы, хаттама және куәгердің айғақтары негізінде дәлелденген деп тапты. Өтешевке қатысты іс Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 461-бабының 1-бөлігі бойынша қаралды. Қамау мерзімі 2026 жылдың 22 мамырынан бастап есептеледі, 21 мамыр кешіндегі ұсталған уақыты да есепке алынған. Сот қаулысы 2 маусымда заңды күшіне енді.

Шулы видео

Еске салайық, жуырда желіде «Хан» лақап атымен танылған ақтаулық блогер әрі асаба мен оның әйелінің интим видеосы тарады. Шоумен мен оның келіншегі видеоүндеу жасап, тараған бейнежазбаның шынайы екенін растаған және оны әрі қарай таратуды, сондай-ақ өздеріне бағытталған қудалауды тоқтатуды сұраған. Олар бұл жағдайды жеке өмірге қол сұғу деп атады. Ерлі-зайыпты бейнежазбаны телефонның құпиясөзін білетін мобилограф таратты деп мәлімдеді.

Еске салайық, бұдан бұрын интим видеоны таратты деген күдікпен ұсталған жасөспірімнің анасы желіде өз шындығын айтты. Әйелдің сөзінше, 16 жастағы ұлы жұмыс берушісінің телефонынан жабық видеоларды ұрлауы мүмкін емес.

Сондай-ақ, осы оқиғаға байланысты Маңғыстау асабалары мен өнерпаздары видеоүндеу жасап, «Ханды» той жүргізуден шеттетуді талап етті. Олар айыпталып жатқан жасөспірімнің тағдырына бейжай қарамауды сұрады.

Ал заңгер асабаның интим видеосын сатқандар бес жылға дейін сотталуы мүмкін екенін ескертті.

Осылайша бұл жағдай отбасылық жанжалға қатысты сот шешімімен жалғасты.