Қазақстандықтардың мобильді аударымдары: кімдер бақылауға алынады?

Ulysmedia
Shutterstock

Салық органдары қазақстандықтарды мобильді аударымдарға жаппай бақылау болмайтынын айтып, сабырға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

digitalbusiness.kz. мәліметінше, Қазақстанның салық органдары азаматтардың мобильді аударымдары туралы деректерді ала бастады. Бірақ бұл барлық аударымдарды бақылау емес, тек жеке шоттары тіркелмеген кәсіпкерлік қызмет үшін пайдаланылған жағдайларға қатысты.

Мамандардың айтуынша, бақылау жаппай сипатта емес және тек екі шарт бір уақытта орындалған жағдайда іске қосылады. 3 ай қатарынан 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша түсуі және түскен жалпы соманың ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асуы керек.

Дәйексөз

- Егер жеке тұлға қатарынан үш күнтізбелік ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан банк шотына ақша алса және бұл шот кәсіпкерлік қызметке арналмаған болса, әрі жалпы түсім сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асса, онда мұндай деректер екінші деңгейлі банктер арқылы мемлекеттік кірістер органдарына жіберіледі, – дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысы Дина Құсайнова.

Банктер мен салық органдары арасындағы ақпарат алмасу заңмен қатаң реттелген, сондықтан жеке қаржылық операциялар негізсіз тексерілмейді.

Контекст

Қазақстан азаматтарына Мемлекеттік кірістер комитетінен күмәнді мобильді аударымдарға байланысты хабарламалар келе бастады. Мемлекет бұл жүйе арқылы тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауды көздеп отыр.