Шектелген гүл мен балық: Ресей Арменияға қысымды күшейтті

Ulysmedia
Фото: Ашық дереккөзден

Арменияда парламент сайлауы жақындаған тұста Ресей қысымды күшейтті. Мәскеу Армениядан келетін өнімдердің едәуір бөлігіне шектеу енгізді. Оның ішінде жеміс-жидектен бастап, гүл, балық және минералды суға дейінгі тауарлар бар, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Соңғы уақыттары Мәскеу мен Ереван қарым-қатынасы бұрын соңды болмаған деңгейде нашарлады. Ресей Арменияның сыртқы саяси бағытына наразылық білдіруде. Бірақ оған қарамастан, Ереван Еуроодақпен жақындасу бағытында қадамдар жасап келеді.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Армения премьер-министрі Никол Пашинянның ұстанған саясатын сынап, бір уақытта әрі Еуразиялық экономикалық одақ мүшесі болып, әрі Еуроодақпен қарым-қатынасты дамыту мүмкін еместігін айтып, «екі орындыққа қатар отыруға болмайды» деп мәлімдеген.

Сонымен қатар ол Мәскеу мен Ереван арасындағы қазіргі жағдайды Ресей мен Украинаның қарым-қатынасындағы дағдарыспен салыстырып, сес көрсеткен. Путиннің пікірінше, бұл дағдарыс Украинаның Еуроодақпен ықпалдасуға ұмтылуынан басталған.

Коммерсантъ басылымының жазуынша, Армения Еуроодақпен жақындасу саясатын жалғастыратын болса, Ресей газ, жанармай және алмаз жеткізу жөніндегі келісімдерді тоқтатуы мүмкін екенін ескерткен.

Ал Никол Пашинян «Әзірге Арменияның жүргізіп отырған саясатында, қазіргі қалыптасқан жағдайда қайшылық жоқ» деген.

Ресей Армения өнімдеріне қатысты шектеулерді сәуір айының соңынан бастап енгізе бастады. Бұл процесс 4–5 мамыр күндері Ереванда өткен Еуропалық саяси қоғамдастықтың 8-саммиті мен алғаш рет өткен Армения – ЕО саммитінен кейін жеделдей түскен.

Саммиттен кейін тараптар бірлескен декларацияға қол қойған. Еуроодақ Арменияны қолдауды жалғастыруға ниетті екенін растады. Құжатта Армения мен ЕО-ны ортақ саяси құндылықтар, халықаралық құқық қағидаттары, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысы және ережелерге негізделген халықаралық тәртіпке адалдық біріктіретіні көрсетілген.

Арменияда парламент сайлауы 7 маусымда өтеді. Парламентте көпшілік орын алған партия үкіметті жасақтап, премьер-министрді сайлайды.