Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен желіде жазған пікірі үшін сотталғандарға рақымшылық жасауды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Депутат не талап етті?
Заитов әріптес депутаттарды батылдық танытып, Қылмыстық кодекстің 274-бабы (көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша сотталған адамдарға да рақымшылық жасауды талап етуге шақырды.Оның айтуынша, мемлекеттік органдар бұл бапты рақымшылық жобасына енгізуге асықпай отыр, бірақ депутат мұны қате шешім деп санайды.
«Бұл жерде мас күйінде көлік жүргізу сияқты құқықбұзушылықтар туралы айтып отырғанымыз жоқ. Бізде өкінішті жағдайлар бар. Адамдар әлеуметтік желідегі пікірлері үшін ғана сотталып жатады», – деді депутат.
Медиасалада Қылмыстық кодекстің 274-бабы бұрыннан «журналистік бап» деп аталып келеді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, соның ішінде CPJ бұл бапты жылдар бойы қылмыстық жауапкершіліктен алып тастауды талап етіп жүр, себебі оның тұжырымдары тым кең әрі нақты емес. Соның салдарынан бұл бап журналистерге немесе блогерлерге қарсы оңай қолданылып кетуі мүмкін, тіпті оларды тергеуге алып, қамауға дейін жеткізуі ықтимал. Жуырда Астанада журналист Ботагөз Омароваға 274-бап бойынша әлеуметтік желідегі жазбасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, ол үйқамаққа алынған болатын. Кейін бұл іс тоқтатылды.
Айта кетейік, Мәжіліс бүгін жаңа Конституция қабылдануына орай әзірленген заң жобасын мақұлдады. Негізгі жаңалық тек қылмыстық емес, ауқымды әкімшілік рақымшылықтың да енгізілуі. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, 1 миллионнан астам әкімшілік айыппұл, яғни 17 млрд теңгеден астам сома кешірілуі мүмкін, бұл шамамен 500 мың азаматты қамтиды.