Мас күйінде көлік жүргізгендерді куәлігінен айыру мерзімін қысқарту ұсынылды

Ulysmedia
ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Николай Арсютин әкімшілік рақымшылық аясында жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін екі есе қысқартуды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Алдағы әкімшілік рақымшылықты талқылау барысында депутат Николай Арсютин Парламентке азаматтардан мас күйінде көлік жүргізгені үшін жазаны жеңілдету туралы көптеген өтініштер түсіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, депутаттар бұған дейін Ішкі істер министрлігіне 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру нормасын қайта қарау жөнінде, соның ішінде рақымшылықты талқылау аясында да ұсыныс жолдаған.

«Қоғамда да, Парламент қабырғасында да бұл мәселе бойынша көп пікірталас туындайды. Бұл бапты жеңілдетуді қолдайтындар да, қарсы шығатындар да бар. Мен бұл бап бойынша толық рақымшылық жасауды ұсынбаймын. Бірақ ең болмағанда жазаны азайтуға болар еді. Мысалы, жазаның жартысынан көбін өтегендер үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін 4 жылға дейін қысқарту сияқты», – деді депутат.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл мәселе бойынша Ішкі істер министрлігі ұстанымы өзгермегенін айтты. Оның айтуынша, министрлік алкоголь немесе есірткі мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілерге қатысты кез келген жеңілдікке қарсы.

«Алкоголь немесе есірткі мас күйінде көлік құралын басқару азаматтардың өмірі мен денсаулығына жоғары қауіп төндіреді және ауыр жағдайларға әкеп соғатын  жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі. Биылғы жылдың бес айында ғана мас жүргізушілердің кінәсінен 144 жол апаты болып, 4 адам қаза тапты, 212 адам жарақат алды. Өткен жылы 673 жол апаты болып, 56 адам қаза тапты, оның ішінде бір бала бар», – деді Әділов.

Депутаттың бұл бастаманы бұрын да көтерген. Оның айтуынша, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы тым қатаң.

«Азаматтар қолданыстағы баптан туындайтын бірқатар жағымсыз салдарды айтады. 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру – әлемдегі ең қатаң жазалардың бірі. Сонымен қатар бұл норма құқық бұзушылықтың ауырлығын, жол апатының болмауын, алкоголь деңгейінің ең төмен болуын ескермейді», – деген болатын депутат.

Контекст

Бұған дейін Мәжілісте жаңа Конституцияның қабылдануына орай кімдер рақымшылыққа ілігетіні айтылды.