“Коттеджі мен көлігі бар”: Балқашта зейнеткер қызынан алимент өндірмек болған

Ulysmedia
Фото: Жасанды интеллект

Балқаш қаласының тұрғыны өз қызына қарсы сотқа жүгініп, ай сайын күтіміне алимент өндіруді талап еткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Контекст

Жоғарғы соттың хабарлауынша, зейнеткер күнделікті өмір сүруге және дәрі-дәрмек алуға қаражат жетіспейтінін айтып, қызы тарапынан материалдық қолдау көрсетілмейтінін алға тартқан.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 145-бабына сәйкес, кәмелетке толған еңбекке жарамды балалар еңбекке жарамсыз және мұқтаж ата-аналарын асырауға міндетті.

Алайда Балқаш қалалық соты талап қоюшының ай сайын 128 229 теңге зейнетақы алатынын, сондай-ақ оның екі қабатты үйі мен Mitsubishi Montero Sport көлігі бар екенін анықтаған.

Ал қызы өз кезегінде талаппен келіспейтінін айтып, жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп отырғанын, балалардың әкесінен алимент алмайтынын және сатушының көмекшісі ретінде айына шамамен 85 мың теңге табыс табатынын түсіндірген.

Ол сондай-ақ әкесінің материалдық қиындығы жоқ екенін, коттеджде жалғыз тұратынын, көлігі бар екенін және дәрігерлер тек дәрумендер тағайындағанын айтқан.

“Соттың қорытындысына сәйкес, талап қоюшы мұқтаж тұлға санатына жатпайды деп танылған. Зейнеткер емделу мен күтімге тұрақты шығындары бар екенін айтқанымен, оның негізгі қажеттіліктерін өтеуге қаражаты жетпейтінін дәлелдейтін нақты айғақтар ұсынбаған”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар сот оның ұлы тарапынан да материалдық көмек көрсетілетінін ескерген.

Сот сондай-ақ зейнетақы мөлшерінің ең төменгі көрсеткіштен жоғары екенін және тараптар арасында бұрыннан келе жатқан келіспеушіліктер бар екенін назарға алған.

Осы жағдайларды ескере отырып, сот талапты қанағаттандыруға негіз жоқ деген шешімге келген.

Шешімге апелляциялық шағым түспегендіктен, заңды күшіне енді