Жетісу облысында Қытайға заңсыз уран алып өтпек болған алты адам сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Жетісу облысында ядролық материалдардың заңсыз айналымы және уран концентратын Қазақстаннан Қытайға заңсыз алып шығуға әрекеттену ісі бойынша алты адамға қатысты үкімі шықты. Бұл туралы облыстық соттыңбаспасөз қызметі хабарлады.
«Жетісу облысының Панфилов аудандық соты алты сотталушыға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 283-бабының 2-бөлігі (ядролық материалдарды заңсыз пайдалану, сақтау, тасымалдау және өткізу), 286-бабының 2-бөлігінің 1 және 4-тармақтары (алдын ала сөз байласқан адамдар тобының бірнеше рет ядролық материалдарды контрабандалық жолмен алып өтуге оқталуы), сондай-ақ 284-бабының 2-бөлігінің 2 және 3-тармақтары (қызметтік өкілеттіктерді пайдалана отырып ұрлау) бойынша айыпталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарына сәйкес, айыпталушыларға ядролық материалдармен заңсыз айналысты және уран концентратын Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына заңсыз шығаруға әрекет жасады деген айып тағылған», – делінген хабарламада.
Сот мәліметінше, айыпталушылар уран концентратын елден заңсыз шығаруды ұйымдастырған. Радиоактивті материал кәсіпорыннан ұрланып, кейіннен бірнеше адамның қолынан өткен.
Радиоактивті зат «Нұр Жолы» өткізу бекетінде анықталған. Сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген заттың уран концентраты екені және оның радиациялық деңгейі белгіленген қауіпсіздік нормаларынан бірнеше есе жоғары болғаны расталған.
Сот үкімімен Й, К және Р есімді сотталушылардың әрқайсысы 7 жыл 6 айға, Ж 4 жыл 6 айға, ал М мен С 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Олар жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемелерінде өтейтін болады.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.