«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев «Аманаттың» «Әділет» партиясының құрамына қосылуына орай мүлкіне тәуелсіз аудит жүргізіп, оны ашық жариялауды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, «Аманат» партиясының «Әділет» партиясының құрамына қосылуы туралы шешім қоғамда үлкен талқылау тудырып отыр. Бұрын ықпалы күшті болған бұл партияның осындай қадамға баруы ел саясатындағы маңызды өзгерістердің бірі ретінде қарастырылып жатыр.
Саяси партиялардың көбеюі мен олардың ашық бәсекесі – мемлекеттің дамуына оң әсер етеді. Ашықтық пен бәсекелестік күшейген сайын мемлекеттік жүйе де тиімді жұмыс істейді. Қазіргі таңда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыруға басымдық беріп отыр. Қоғам да дәл осы бағытта әділеттілік, ашықтық және есеп беруді күшейтетін нақты реформаларды күтуде.
“Осы тұрғыда «Әділет» партиясына маңызды бір мәселені назарға алуды ұсынамыз. «Аманат» партиясының қаржылық қызметі мен мүлкіне толық аудит жүргізу керек. Өйткені бұл партия (бұрынғы «Отан», «Нұр Отан») жылдар бойы елеулі қаржы ресурстарын басқарды. Қоғамға осы қаражаттардың қалай жұмсалғаны, демеушілік қаражаттардың қайда бағытталғаны және олардың тиімділігі туралы ашық ақпарат қажет”, – деп жазды ол.
Сонымен қатар, партияның иелігінде шамамен 400-ге жуық жылжымайтын мүлік нысаны бар деген мәліметтер айтылады. Бұл мүліктің қалай берілгені, оның заңдылығы және одан түсетін табыстың қалай пайдаланылатыны да ашық тексерілуі тиіс.
“Егер тексеру барысында кейбір активтердің мемлекет қаражаты есебінен қалыптасқаны немесе мемлекет меншігіне жататыны анықталса, оларды заң аясында мемлекетке қайтару мәселесін қарастыру қажет. Тарих көрсеткендей, ірі саяси ұйымдардың мүлкі ашық бақыланбаса, кейін оның тағдыры белгісіз болып кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу маңызды. Толық ашық аудит жүргізу қоғам сенімін арттырып, әділеттілік пен есептілікті күшейтуге ықпал етеді. Әділетті қоғам дәл осындай ашықтықтан басталады”, – дейді ол.