Президент іс басқармасы Ыстықкөл жағасында бес жұлдызды шипажай салып жатыр

Ulysmedia
Фото: economist.kg

Ыстықкөл жағалауында жаңа бес жұлдызды «Қазақстан» шипажайы салынып жатыр. Емдеу-сауықтыру кешенін 2026 жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарланған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ 

Қазақстан Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы хабарлауынша, ашылғаннан кейін шипажай жыл бойы жұмыс істеп, бір мезетте 180 демалушыны қабылдай алады. 

«Қазақстан» шипажайы Ыстықкөлде 1962 жылы ашылған болатын. Қазіргі уақытта аумағы шамамен 17,5 гектарды құрайтын жерде заманауи инфрақұрылымы бар көпсалалы емдеу және сауықтыру кешені салынуда.

“Шипажайдың тұрғын үй қоры негізгі ғимарат пен жеке коттедждерден тұрады. Демалушылар үшін емдеу корпусы, спорттық-сауықтыру кешені, жабық бассейн, минералды және тұщы сумен толтырылған ашық бассейндер, спорт алаңдары, велосипед жолдары, мейрамханалар, кофеханалар, конференц-залдар мен кинотеатрлар қарастырылған. Сонымен қатар мұнда балшықпен емдеу, сумен емдеу, физиотерапия, инемен емдеу (иглорефлексотерапия) және медициналық оңалтудың басқа да түрлері ұсынылады”, – делінген хабарламада.

Шипажай іске қосылғаннан кейін шамамен 260 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Қызметкерлердің басым бөлігін жергілікті тұрғындар құрайды.

Кешен аумағында Дінмұхамед Қонаев демалған тарихи саяжай да сақталады. Нысан қайта жөндеуден өткізіліп, кейіннен үй-мұражай ретінде ашылады.

“Шипажайды жаңғырту жұмыстары Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы Ыстықкөлдегі курорттық нысандарға қатысты келісімдер аясында жүзеге асырылуда. 2026 жылдың ақпанында Сенат қазақстандық тараптың бұл нысандарды жаңғырту жөніндегі міндеттемелерін 2029 жылға дейін ұзартатын құжаттарды ратификациялады. Жаңғыртылатын нысандар қатарына «Қазақстан» шипажайынан бөлек «Самал» демалыс үйі, «Университет» лагері және «Олимп» сауықтыру лагері де кіреді”, – делінген Президент Іс Басқармасының Медициналық орталығы таратқан хабарламада.