АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс ирандық делегациямен тікелей келіссөздер өткізу үшін жоспарланған Швейцария сапарын кейінге қалдырды. Жұма күні Бюргеншток курортында өтуі тиіс кездесу болмайтынын Швейцарияның Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Ақ үйдің мәліметінше, сапардың тоқтатылуына алдағы техникалық келіссөздердің жоспары толық келісілмеуі себеп болған.
«Бұл келіссөздердің логистикасы ешқашан оңай немесе болжамды болған емес. Қазіргі уақытта вице-президент бүгін кешке Швейцарияға ұшуды жоспарлап отырған жоқ», – деп мәлімдеді Ақ үй өкілі.
Сонымен қатар АҚШ делегациясы алғашқы мүмкіндік туған сәтте кездесуге қатысуға дайын екенін және техникалық келіссөздерді мүмкіндігінше тезірек бастауды көздейтінін жеткізді.
Кейінірек Швейцария сыртқы істер министрлігі 19 маусымға жоспарланған АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің өтпейтінін хабарлады.
Әзірге Тегеран тарапы кездесудің тоқтатылуына қатысты ресми пікір білдірген жоқ.
Контекст
Бұған дейін Дональд Трамп пен Масуд Пезешкиан бейнебайланыс арқылы 14 тармақтан тұратын өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын.