Ақтөбеде газ құю бекетінде көлік өртеніп, үш адам тірідей жанып кетті

Ulysmedia
Видеодан алынған кадр

Ақтөбеде автогаз құю бекетінің аумағында жеңіл көлік өртеніп, салдарынан үш адам көз жұмды. Қаза болғандардың екеуі – кәмелетке толмағандар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Оқиға 19 маусым күні кешкі уақытта Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан автогаз құю бекетінде болған. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 112 қызметіне өрт туралы хабар сағат 22:55-те түскен.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, жалынды сегіз минут ішінде толық ауыздықтады.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Өртті сөндіру барысында көлік салонынан үш адамның мәйіті табылды. Олардың екеуі – кәмелетке толмағандар. Тағы бір зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлады Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиға орнына 10-нан астам техника мен 50-ден астам құтқарушы жұмылдырылды. Сондай-ақ Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмыс істеді.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.