Қаскелең тұрғындары жарықсыз қалып, жолды жапты

Сырым Қаржас
Instagram / kaskelenkz

Алматы облысының Қаскелең қаласында аудандардың бірінің тұрғындары электр жарығы кезекті рет өшкеннен кейін жолға шықты. Тұрғындар жарықтың үнемі өшіп қалатынына шағымданып, трансформатор мәселесін шешуді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тұрғындардың төзімі таусылды

Әлеуметтік желілерде Қаскелеңнің бұрынғы АКХ «Ленинский» аумағындағы 203-орам тұрғындарының жолды жапқан сәті түсірілген кадрлар тарады.

Тұрғындардың айтуынша, бұл аумақта электр жарығы жиі өшеді. Бұл жолы олар мәселеге назар аударту үшін жолды жабуға шешім қабылдаған.

– Жекеменшік трансформаторларды мемлекетке беріңіздер. Бүгін Шалқардың қарсысындағы жаңа шағын аудан тұрғындары тағы да жарықсыз қалды, – делінген жарияланымда.

Электр жарығы неге өшті?

Қарасай ауданының әкімдігі жарықтың өшуіне трансформатордағы апат себеп болғанын түсіндірді. Оған техникалық ақау себеп болған.

– Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен Қарасай РЭС мамандары оқиға орнына жедел барып, жиналған тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Апаттық бригада ақауды жоюға бірден кірісті. Сағат 21:50-де электр энергиясы толық қалпына келтірілді, – деп хабарлады әкімдік.

Сонымен қатар аудан әкімдігі электр энергиясына қатысты қарыз туралы ақпаратқа да түсінік берді.

«К.А.» есімді жеке тұлғаның «АлматыЭнергоСбыт» компаниясы алдында 1,3 млн теңге қарызы бар. Бұған дейін жарықтың өшуін осы қарызбен байланыстырған болуы мүмкін.

Алайда әкімдік бұл қарыздың 23 қыркүйектегі жарықтың өшуіне қатысы жоқ екенін және мәселе бөлек қаралып жатқанын мәлімдеді.

Қазір биліктің мәліметінше, электр энергиясы қалыпты режимде беріліп тұр.