Ақтөбедегі қайғылы оқиғадан кейін автогаз құю бекетінің иесі ұсталды

Сырым Қаржас
gov.kz

Ақтөбеде автогаз құю бекетінде болған қайғылы жағдайдан кейін оның иесі ұсталды. Өртке оранған көліктен шыға алмаған әйел мен оның екі баласы оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, көліктің өртену фактісі бойынша тергеу басталды.

– Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 281-бабы ("Жарылыс қаупі бар объектілерде қауіпсіздік қағидаларын бұзу") бойынша тіркелді. Автогаз құю станциясының иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады полиция.

Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

ЕР АДАМНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?

Өрт шыққан көліктен әйел мен екі бала шыға алмай қалып, оқиға орнында қаза тапты. Ал тағы бір зардап шеккен ер адам ауыр күйікпен ауруханаға жеткізілді.

– Науқас кеше түнде ауыр жағдайда түсті. Жағдайы әлі де ауыр. Денесінің жоғарғы бөлігінің 40-45 пайызы күйген. Сонымен қатар тыныс алу жолдары да күйік шалған, – деді реаниматолог дәрігер Аяна Марат.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде автогаз құю бекетінің аумағында жеңіл көлік өртеніп, салдарынан үш адам көз жұмғанын хабарлаған едік. Қаза болғандардың екеуі – кәмелетке толмаған бала.

Оқиға 19 маусым күні кешкі уақытта Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан автогаз құю бекетінде болған.