Қазақстандықтар ең көп алатын несие түрі белгілі болды

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Demoscope қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы жүргізген зерттеу бойынша қазақстандықтардың 70%- дан астамының несиесі бар, деп хабаралайды ulysmedia.kz

Толығырақ 

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы 2026 жылғы 10–23 мамыр аралығында «Қазақстан азаматтарының несиеге қолжетімділігі» тақырыбында сауалнама өткізді. 

Зерттеу нәтижелері қазақстандықтар арасында несие алудың кең таралғанын көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 72,7%-і қазіргі уақытта несие немесе қарыз міндеттемелері бар екенін айтқан. Оның ішінде 39,7%-ында бір несие болса, 33%-ында бірнеше несие бар. Ал респонденттердің 27%-ы ешқандай несие төлемейтінін мәлімдеген.

Зерттеу деректеріне сәйкес, ең көп таралған қаржы өнімі – тұтыну несиесі. Қарыз алушылардың 70,4%-ы осы несие түрін пайдаланатынын айтқан. Сонымен қатар респонденттердің 45,7%-ы тауарды бөліп төлеу қызметін қолданады. Ал 22,1%-ы туыстарынан, достарынан немесе ломбардтардан қарыз алғанын көрсеткен. Автонесие алғандардың үлесі 14,4%, ипотекалық несие төлеушілердің үлесі 13%-ды құрайды.

Несие жүктемесінің деңгейі де айтарлықтай жоғары. Сауалнамаға қатысқан қарыз алушылардың 46,7%-ы ай сайынғы табысының жартысынан астамын несие төлемдеріне жұмсайтынын айтқан. Ал 24,5%-ы табысының 25–50%-ын, 20,3%-ы төрттен бірінен аз бөлігін қарыздарын өтеуге бағыттайды.

“Қазақстандықтардың несие рәсімдеуіне көбіне тұрмыстық қажеттіліктер себеп болады. Респонденттердің 24,2%-ы тұрмыстық техника сатып алу үшін қарыз алса, 18,9%-ы тұрғын үй салу немесе жөндеу мақсатында несие рәсімдеген. Сонымен қатар 17,4%-ы жалақыға дейін қаражат жетіспеген жағдайда қарызға жүгінетінін айтқан. Бұдан бөлек, автокөлік сатып алу (13,7%), басқа несиені жабу (9,4%), ем-дом шығындары (8,2%), бизнесті дамыту (7,8%), отбасылық іс-шаралар (6,7%) және оқу ақысын төлеу (6,6%) де бар”, – делінген сауалнама нәтижесінде.

Несие жүктемесінің жоғары болуына қарамастан, респонденттердің басым бөлігі өздерінің қаржылық болашағына сеніммен қарайды. Сауалнамаға қатысқандардың 39,1%-ы алдағы бір жылда қаржылық жағдайы жақсы болады деп толық сенетінін айтса, тағы 24,2%-ы бұған бейім екенін білдірген. Дегенмен, 30%-ға жуық қатысушы қаржылық тұрақтылығына қатысты алаңдаушылық бар екенін жеткізген.

Қаржылық сауаттылыққа қатысты өзін-өзі бағалау көрсеткіштері де салыстырмалы түрде жоғары. Респонденттердің 48,3%-ы қаржылық сауат деңгейін жақсы немесе өте жақсы деп бағаласа, 36,8%-ы оны орташа деңгейде деп есептейді. Ал 12,7%-ы өз қаржылық білімін төмен деңгейде бағалаған.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа талаптарға сәйкес, банктер қарыз алушының төлем қабілетін бағалау кезінде тек ресми расталған табыс пен қолданыстағы несие міндеттемелерін ескеретін болады. Бұл өзгерістерге қатысты қоғам пікірі әртүрлі болғанымен, қолдаушылар саны басым. Респонденттердің 52,5%-ы несие беру талаптарының қатаңдатылуын қолдайтынын білдірсе, 37,5%-ы мұндай өзгерістерге қарсы екенін айтқан.

Зерттеу нәтижесі қазақстандықтар арасында несиеге тәуелділіктің жоғары екенін көрсетеді. Сонымен бірге азаматтардың едәуір бөлігі қаржылық жағдайына сенімді екенін және несие беру тәртібін қатаңдату халықтың қарыз жүктемесін азайтуға ықпал етеді деп есептейтінін айтқан.