Көкшетауда көлік жүргізу құқығы жоқ бола тұра рөлге отырып, тұрғын үй ауласында жаяу жүргіншіні қағып өлтірген әйелге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Қайғылы оқиға мамыр айында болған. Әйел автокөлікпен аула ішіне бұрылу кезінде жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Салдарынан зардап шеккен адам ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмған.
Айыпталушы өз кінәсін мойындады. Сотта ол күйеуінің денсаулығы нашар болғандықтан, оның рұқсатымен рөлге отырғанын, алайда жүргізуші куәлігі болмағанын айтты.
“Сот үкімімен әйелге 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру тағайындалды. ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі негізінде (Заңға сәйкес, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты жазаны өтеуді кейінге қалдыру көзделген) сотталған адамның тәрбиесінде екі жас баласының болуына байланысты жазаны өтеу 3 жылға кейінге қалдырылды”, – делінген сот үкімінде.
Сонымен қатар сот әйелдің бұрын қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын, кінәсін мойындап, моральдық шығынды өтегенін ескерді. Марқұмның туыстары да сотта оны бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Көлік иесінің жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлікті басқаруға рұқсат беру фактісі бойынша қылмыстық іс жеке іс жүргізуге бөлінді.
Қаза тапқан әйел 52 жаста болған, ол 12 жастағы қызын жалғыз тәрбиелеген.