×
485.4
550.69
6.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
485.4
550.69
6.41

АҚШ мемлекеттік хатшысы: Ресеймен ешқандай келісім болған жоқ

Бүгін, 10:01
АҚШ мемлекеттік хатшысы:  Ресеймен ешқандай келісім болған жоқ
Фото: Andrew Harnik/Getty Images

Аляскада Украинадағы соғысқа байланысты Ресеймен ешқандай келісім болған жоқ. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.  

Толығырақ

Марко Рубио Ресей билігі жиі айтатын Аляскадағы «Анкоридж» саммитте Мәскеумен ешқандай келісім болмағанын айтты. Оның сөзінше, сол уақытта тараптар қандай да бір мәмлеге келе алмаған.

– Аляскада ұсыныстар болды. Бірақ ешқандай келісім болмады. Егер келісім болғанда, соғыс ендігі тоқтар еді. Мен айтқанымдай, президент Трамп, АҚШ Украинадағы соғысты тоқтату үшін арағайын болуға дайын, – деді Рубио.

Марко Рубио журналистердің «Саммитте кімнің тарапынан ұсыныс болды, АҚШ-тың ба, Ресейдің бе?» деген сұрағына:

– Мәселе сіздер ашық жариялаған дүниеде болып отыр ғой, дұрыс па? Менің айтып тұрғаным, Ресей тарапы Донецк облысын тұтастай өзіне алғысы келеді. Олар осы мәселені қозғады. Бірақ ешқандай келісім болған жоқ. Осы мәселе проблеманың түп-тамырына айналды, – деді ол.

Оқи отырыңыз: АҚШ: Украина Ресейге қарсы соғыста жеңіске жетіп жатыр

Контекст

Ресей билігі Анкориджде өткен саммитті жиі еске алады. Владимир Путиннің көмекшісі Юрий Ушков, СІМ Сергей Лавров, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бір ауыздан «АҚШ келісімді орындамады, айтылған мәселелерге қол жеткізбеді» деп жиі сынайды.

2025 жылы желтоқсанда өткен тікелей эфирде Ресей президенті Владимир Путин Анкоридждегі саммит алдында ұсыныс жасалып, компромиске барғанын айтқан.

– Трамппен кездесуде Ресей АҚШ тарапының ұсыныстарымен келісті. Сол себепті бізді қабылдамады деп айыптау дұрыс емес және оған ешқандай негіз жоқ, – деген сол уақытта Путин.

Анкоридждегі саммиттен кейін Financial Times басылымы дереккөздеріне сілтеп, Мәскеу майдан шебін Запорожье және Херсон облыстары аумағында тоқтату үшін Украинадан Донецк облысындағы әскерін толықтай шығаруды талап еткенін жазған. Мәскеу Киев әскерін шығарған жағдайда жаңа аумақтарды басып алмайтынын айтқан. Алайда тараптар келісімге келе алмаған.