Мемлекетке төрт жылда 1,5 триллион теңгеден астам қаражат қайтарылды – Қуанышбек Мұқаш

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Ulysmedia тікелей эфиріндегі ашық диалог алаңында қайтарылған активтер мәселесі де талқыланды. «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС бас директоры Қуанышбек Мұқаш жаңа Конституцияның бұл жобаға қалай әсер ететіні жайлы айтып берді.

Жалпы, активтерді қайтару саласы Қазақстанда іс жүзінде 2022 жылдан басталды. Арнайы заң 2023 жылы қабылданды. Осыдан кейін тиісті қызметтер құрылды.

– Иә, активтерді қайтару жұмысы 2022 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында мемлекетке 1,5 триллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл қаражат жылжымайтын мүлік түрінде де, тікелей ақшалай қаражат түрінде де қайтарылды және әлі де қайтарылып жатыр, – дейді Қуанышбек Мұқаш.

АҚШ АКТИВТЕРІ 50 ЖЫЛДАН БЕРІ ҚАЙТАРЫП КЕЛЕДІ

Оның сөзінше, қайтарылған қаржы арнайы мемлекеттік қорға жинақталады. 2022 жылдан бері Президенттің тапсырмасымен елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмысы қарқын алған. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Конституция күніне арналған жиында қоғамның әділдікке деген сұранысы артып келе жатқанын атап өткенін еске салды.

– Менің ойымша, қазіргі жаңа Конституцияға енгізілген осы нормалардың барлығы іс жүзінде 2022 жылдан бастап күшіне ене бастады. Ал олардың жаңа Конституцияда көрініс табуы – осы реформалар үдерісінің логикалық қорытындысы деуге болады. Себебі бұған дейін елімізде мұндай институттар болған жоқ. Ал басқа елдерде, Еуропа мен Америкада активтерді қайтару ісімен 50 жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді. Әсіресе, Ұлыбритания мен Америкада бұл бағытта тың тәжірибе қалыптасқан. Африка елдері де активтерді қайтару бойынша түрлі процесті іске асырған, – дейді ол.

Қуанышбек Мұқаштың айтуынша, жүргізілген талдау Қазақстан үшін активтерді қайтару жүйесі мүлде жаңа бағыт екенін көрсетті. Осыған байланысты қабылданған заңда Конституциядағы әділдік қағидаттарына негізделген, активтерді қайтарудың халықаралық тәжірибедегі озық әрі заманауи тәсілдері қамтылған. Оның сөзінше, президент активтерді қайтару ісін қоғамдағы әділдік қағидатын жүзеге асырудың маңызды құралы ретінде қарастырды. Сонымен қатар заң аясына кіретін тұлғаларға активтерін ерікті түрде қайтару арқылы «алтын инвестор» атанып, ел экономикасына үлес қосуға мүмкіндік берілді.

– Шын мәнінде, қайтарылған 1,5 триллион теңгенің басым бөлігі мемлекетке ерікті түрде қайтарылды. Мәселен, біздің компанияның басқаруына өткен 100 миллиард теңгеден астам активтерге қатысты айтсақ, олардың қатарында жылжымалы мүлік, компаниялардағы үлестер және басқа да активтер болды. Негізінен біз активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімдерге қол қойдық, – дейді ол.

450 ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАН

Қуанышбек Мұқаштың айтуынша, қайтарылған активтер есебінен бүгінде елімізде 450-ден астам әлеуметтік нысанның құрылысы қаржыландырылған. Кейінгі екі жылда мектептер мен өзге де әлеуметтік нысандар салынып, шалғай елді мекендер ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды.

Оның сөзінше, өзі осы нысандардың ашылу рәсімдеріне жиі қатысады. Соның бірі – Түркістан облысындағы шалғай ауылда ашылған музыкалық мектеп. Қуанышбек Мұқаштың айтуынша, бұл білім ордасының пайдалануға берілуі жергілікті тұрғындар үшін ерекше қуанышты оқиға болған.

Сондай-ақ ол қайтарылған барлық актив халықтың игілігіне қызмет етуге тиіс деген қағидаттың бүгінде іс жүзінде орындалып жатқанын атап өтті.

– Ел әл-ауқатын көтеру үшін әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Ақмола облысында мектептер, Ақтөбе облысында 3-6 жас аралығындағы балаларға арнайы балабақша ашылды. Ақтөбеде бұған сұраныс көп екен. Түркістан облысы Сайрам ауданында арнайы мектеп бар. Оларда жатақхана болмапты. Ал балалар мектепке бару үшін алыстан жол машақатын көріп келеді екен. Қайтарылған активтердің арқасында бұл мәселе шешілді. Жатақханада 400 бала тұрып, сапалы білім алып жатыр, – дейді Қуанышбек Мұқаш.

Модератор Самал Ибраева спикердің сөзіне қосылып, нысанның халық сұранысына сай салынатынын айтты.

– Ұрланған активтерді ашық цифрландырып, халықтың игілігіне жұмсау керек. Бұл – өте дұрыс бастама, бірақ осылай ашық ақпарат беріп тұрсаңыздар тамаша болар еді, – деді Самал Ибраева.

Айта кетейік, бүгін, 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстанның жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Осыған орай, Ulysmedia.kz «Халықтық Конституция: ел өміріндегі жаңа кезең» деген тақырыпта пікірталас өткізді.