Ulysmedia.kz ашық алаңында Kazakh Invest ұлттық компаниясының басқарушы директоры Нұрғазы Әнуарбеков құқықтық саясаттың қазіргі бағыты мен Конституцияның рөлі туралы пікір білдірді.
Спикердің айтуынша, «Заң мен тәртіп және әділеттілік» идеясы тек ұран деңгейінде қалып қоймай, оны жүзеге асыратын нақты алгоритм болуға тиіс.
– Құқықтық саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бар. Бірақ ол құжат 2021 жылы қабылданған. Одан бері қаншама реформа жүргізіліп жатыр. Ол құжатты өзгерту керек. Мен сол құжаттың атын «Заң мен тәртіп және әділетті Қазақстан идеясын іске асырудың тұжырымдамасы» деп ауыстыруды ұсындым. Өйткені ол құжат 2030 жылға дейін жазылған. Ал біздің жаңа Конституциямыздың идеясы – мәңгілік ел құру. Оны белгілі бір уақытпен шектеуге болмайды, – дейді ол.
ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ҚАБЫЛДАЙТЫН АЛҒАШҚЫ ЗАҢЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?
Нұрғазы Әнуарбеков құқықтық сананы қалыптастыру көзделсе, мұндай тұжырымдаманың нақты аяқталу мерзімі болмауға тиіс деп есептейді. Оның пікірінше, басты назар мерзімге емес, заңның орындалу тетіктеріне аударылуы қажет, яғни соттардың, мемлекеттік органдардың және өзге де институттардың қалай жұмыс істейтіні нақты айқындалуы керек.
Сонымен қатар ол Қазақстан заңнамасында «тұжырымдама» ұғымының құқықтық анықтамасы жоқ екенін еске салды. Оның айтуынша, 2016 жылы қабылданған «Құқықтық актілер туралы» заңнан бұл ұғым алынып тасталғанымен, тұжырымдамалық құжаттар әлі де қолданыста. Сондықтан олардың құқықтық мәртебесіне қатысты заңды сұрақтар туындайды.
– Құрылтай жұмысын қыркүйек айында бастайды. Саяси науқан басталады. Шынымен де мемлекеттің беделді болғанын қаласақ «Заң мен тәртіп және әділеттілік идеясы» конституциялық заң күйінде қабылдану керек. Бұл құрылтайдың қабылдайтын бірінші заңы болуы керек, – дейді Нұрғазы Әнуарбеков.
АТА ЗАҢДЫ АМЕРИКА КОНСТИТУЦИЯСЫМЕН САЛЫСТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ
Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраева спикерге «Сіз Колумбия университетін бітіріп келдіңіз. Елдің барлығы референдумға дейін Конституцияны талқылағанда «Американың Конституциясы соншама жылдан бері өзгермеген» деп үлгі ретінде айтты. Америкалық тәжірибемен салыстырып көрейікші. Сарапшы ретінде, заңгер ретінде Ата заңның басты құндылықтарын айтып беріңізші», – деген сұрақ қойды.
Нұрғазы Әнуарбеков елдің Ата Заңын өзге мемлекет конституцияларымен тікелей салыстыруға болмайтынын түсіндірді.
«Халықаралық тәжірибеде әр мемлекеттің өз тарихы, жүріп өткен жолы бар. Соған сәйкес менталитеті бар. Заңнамасы да, Конституциясы да сол ерекшеліктерді ескере отырып қалыптасады. Ол мемлекеттің бағдары мен мақсаты халқының көзқарасына байланысты болады. Сондықтан Американың Конституциясы мен Қазақстанды салыстыруға болмайды. Американың жүріп өткен жолы басқа. Қазір Трамп 250 жылдық тарихы бар деп айтып жүр. 250 жыл деген үлкен мерзім. АҚШ әлемнің алдыңғы державасы. Кезең-кезеңімен қазіргі деңгейге жетті. Олардың конституциясын ұлы тұлғалар, ғалымдар, идеологтар мен мықты заңгерлер жазған. Тек қана заң саласынан емес қоғамдық институттардың әртүрлі саласынан қатысқан. Өте үлкен қағидалар бар оның ішінде. Американың билік өкілдері мен қоғамдық институттары оны қатаң сақтауға тырысады», – деді Нұрғазы Әнуарбеков.
Айта кетейік, бүгін, 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстанның жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституция күшіне енді. Осыған орай, Ulysmedia.kz «Халықтық Конституция: ел өміріндегі жаңа кезең» деген тақырыпта пікірталас өткізді.