Польшаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Михал Лабенда Ulysmedia алаңында конституциялық реформаның өз елдерінде қалай жүргізілгенін айтып берді.
Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраева заң жобаларын әзірлеу ісіне блогерлер емес, кәсіби заңгерлер, экономистер мен өз саласының білікті мамандары тартылуға тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, бұл заңдардың сапасын арттырып қана қоймай, Парламенттің де беделі мен абыройын күшейтеді. Сонымен қатар ол мұндай жұмысқа мықты сарапшылар қатысқанда ғана заң шығару үдерісіне қоғамның сенімі артатынын атап өтті.
– Арамызда екі елші отыр. Михал мырзаны қоғам қазақ тілінің жанашыры ретінде қабылдайды. Польшаның конституциялық реформаларда тәжірибесі бар. Еуропаның өкілі ретінде халықаралық тәжірибені айтып беріңізші?, – деді Самал Ибраева.
Польша елшісі ойын ғылыми тұрғыдан дәл әрі нақты жеткізу үшін қазақ тілінде сөйлегенді жөн көретінін айтты.
– Ата заң – әрбір мемлекеттің іргетасы. Польшада да осындай өзгерістер болды. 1989 жылы елімізде демократиялық өзгерістер басталды. Коммунистер билігі аяқталғанын түсініп, сайлау жасады. 1989 жылы сайлаған парламент жаңа Ата заң жазуға құзіретінің жоқ екенін түсінді. Сол кезде тез арада өзгеріс керек болды. Сондықтан олар ескі Ата заңға өзгерістер енгізді,– дейді Михал Лабенда.
Польша елшісі елдегі конституциялық реформалар бірнеше кезеңмен жүзеге асқанын айтты. Оның сөзінше, алғашқы қадамдардың бірі ретінде мемлекеттің атауы Поляк Халық Республикасынан Польша Республикасына өзгертілді. Сондай-ақ коммунистік кезеңде елтаңбадағы ақ бүркіттің тәжінің алынып тасталғанын еске салып, кейін оның қайта қалпына келтірілгенін айтты. Елшінің пікірінше, мемлекеттік рәміздер халықтың тарихи санасы мен ұлттық болмысы үшін ерекше маңызға ие, ал тәж – тәуелсіздіктің символы.
– 1990 жылы Польшада жаңа, еркін Парламент сайланды. Депутаттар аз уақыттың ішінде жаңа Конституцияны толық әзірлеу мүмкін емес екенін түсініп, әуелі қолданыстағы Ата заңға өзгерістер енгізген. Ал бес жылға созылған дайындық жұмыстарынан кейін 1997 жылы жаңа Конституция қабылданып, бұл үшін жалпыхалықтық референдум өткізілген, – деді ол.
Елші конституциялық реформа ұзақ мерзімді әрі мұқият дайындықты талап ететін үдеріс екенін айтып, заңды қысқа мерзімге емес, болашақ ұрпақтың мүддесін ескере отырып әзірлеу қажет екенін жеткізді. Оның сөзінше, 1997 жылы қабылданған Польша Конституциясы бүгінге дейін өзектілігін сақтап келеді.
– Біздің Конституцияда да «ҚР Халықаралық құқық қағидаттарын құрметтейді» деп жазылған. Франция, Польша, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттердің тәжірибесі үлгі ретінде алынған, – деп қосты Самал Ибраева.
Еске салайық, ашық диалог алаңында құқықтық реформалар, Конституцияны жетілдіру, заң шығару үдерісі, азаматтық қоғамның рөлі және халықаралық тәжірибе мәселелері талқыланды. Жиынға заңгерлер, сарапшылар, қоғам қайраткерлері, дипломаттар қатысты.