«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС бас директоры Қуанышбек Мұқаш Ulysmedia алаңында бұрынғы Парламенттің кемшіліктерін айтты.
– Мен қазіргі Парламенттің бұрынғы құрамын жамандағым келмейді, бірақ шынын айту керек, халықтың наразылығын тудырған жағдайлар болды. Кейбір депутаттар мінберден орынсыз мәлімдемелер жасады немесе мемлекеттік қызметкерлерді, әкімдерді нақты дәлелсіз сынады. Сырт көзге олардың мақсаты халықтың мәселесін шешуден гөрі жеке беделін көтеру, танымал болу сияқты көрінді, – дейді Қуанышбек Мұқаш.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияда өзін қоғам қайраткері немесе белсенді азамат ретінде көретін, азаматтық ұстанымын білдіргісі келетін адамдар үшін арнайы мүмкіндік қарастырылған. Оның пікірінше, мұндай азаматтарға «Халық кеңесі» институты ұсынылған. Бұл – елдегі өзекті мәселелерді көтеріп, пікірін ашық білдіруге арналған алаң.
ҚҰРЫЛТАЙҒА ҚАНДАЙ АДАМДАР САЙЛАНУЫ КЕРЕК?
– Ал Құрылтайға, меніңше, өмірлік тәжірибесі мол адамдар баруы керек. Олар тек мемлекеттік қызметте емес, бизнесте де еңбек еткен, қоғамның түрлі саласында тәжірибесі бар азаматтар болуы қажет. Өйткені заң қабылдау жай ғана құқықтық нормаларды жазу дегенді білдірмейді. Әр заңның артында өмірлік тәжірибе, тарихи сабақ, қоғамның сұранысы тұрады. Заңдар тек құқық талаптарына емес, қарапайым адамдардың күнделікті өміріне де сай болуы керек, – деді ол.
Қуанышбек Мұқаштың пікірінше, жаңа Конституцияны іске асыру үшін қабылданатын заңдарды кәсіби мамандар әзірлеуі қажет. Заң жобаларын сол нормалардың қалай жұмыс істейтінін және олардың қоғамға қандай әсер ететінін терең түсінетін мамандар жазуға тиіс.
– Өйткені бүгінге дейін бәріміз жақсы білеміз: заңдардың мәтіні әдемі болғанымен, оларды қолдану барысында үлкен қиындықтар туындайды. Мен бұрын прокурор болған адам ретінде айта аламын – негізгі мәселе дәл құқық қолдану тәжірибесінде. Ал заңдарды өз ісінің нағыз мамандары, тәжірибелі сарапшылар әзірлесе, онда жаңа Конституцияның нормалары дұрыс жүзеге асады. Бұл еліміз үшін үлкен оң өзгеріске бастайды, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қуанышбек Мұқаш 4 жылда мемлекетке 1,5 триллион теңгеден астам қаражат қайтарылғанын айтқан еді.