Қазақстанға жыл аяғына дейін алма әкелінбеуі мүмкін

Ulysmedia
pixabay

Ауыл шаруашылығы министрлігі елге алма әкелуге уақытша тыйым салуды ұсынды. Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Егер құжат қабылданса, шектеу 1 тамыздан бастап күшіне еніп, 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

Шектеу неге байланысты болуы мүмкін?

Тыйым автокөлік, теміржол және су көлігі арқылы әкелінетін алмаға қатысты болмақ. Ол Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен де, өзге мемлекеттерден де келетін өнімге қолданылады.

Алайда Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтетін, сондай-ақ, ЕАЭО елдері арасында республика арқылы тасымалданатын алмаға шектеу қойылмайды.

Министрлік не дейді?

Ауыл шаруашылығы министрлігі уақытша тыйым енгізу әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыдан кері әсер етпейді деп санайды.

Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында 8 шілдеге дейін қоғамдық талқылауда болады.

Қазақстан алманы қай елдерден әкеледі?

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан 136,6 мың тонна алма, алмұрт және айва импорттаған. Оның жалпы құны 64,7 миллион доллар болған.

Ең көп өнім Польша елінен әкелінген. Бұл елден 28,8 миллион доллардың өнімі әкелінген. Одан кейін Қытай – 15,2 миллион доллар, Бельгия – 8,2 миллион доллар және Өзбекстан – 5,3 миллион доллар көрсеткішімен тұр.