Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты іс бойынша қылмыс туралы хабарламады деген күдікке ілінген Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық қудалау толық тоқтатылды. Тергеу оның кінәсін дәлелдейтін айғақ таппаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПРОКУРАТУРАНЫҢ ШЕШІМІ
Атырау облысының прокуратурасы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты.
Қадағалау органының мәліметінше, негізгі қылмыстық істен Қылмыстық кодекстің 434-бабы («Қылмыс туралы хабарламау») бойынша жеке іс бөлінген. Алайда тергеу барысында әйелдің дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыс туралы білгені әрі оны әдейі жасырғаны дәлелденбеген.
– Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қорытындысы бойынша Мұқанғалиеваның әрекеттерінде Қылмыстық кодекстің 434-бабында көзделген құқық бұзушылық белгілері дәлелденбегендіктен, 2026 жылғы 24 маусымда қылмыстық іс тоқтатылды, – деп хабарлады прокуратура.
ІСТІҢ МӘН-ЖАЙЫ
Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың көктемінде Сұлтан Сәрсемәлиев әуелі жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның ағасы Наурыз Мұқанғалиевті өлтірген.
Кейін бұл қылмысты жасыру мақсатында әйелінің ата-анасы Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Үтешқалиеваны, сондай-ақ оның әпкесі Мейрамгүл Қарабалинаны өлтірген.
Сот процесі барысында Сәрсемәлиев төрт адамның да өліміне себеп болған жарақаттарды өзі салғанын мойындаған.
Қылмыстан кейін ер адам Наурыз Мұқанғалиевтің атына несие рәсімдеп, оның атынан туыстарымен хат алмасқан. Кейін Меккеге барғанын айтып, ол жерде «күнәлары үшін Құдайдан кешірім сұрағысы келгенін» жеткізген.
Одан кейін іздеуде жүргенін біле тұра, әйелі Ақбаянмен бірге Бали аралына барған.
Айыпталушы сотта қылмысқа әйелінің туыстарымен ұзақ уақытқа созылған жанжал себеп болғанын айтқан. Оның сөзінше, Ақбаянның ата-анасы олардың отбасын және бес баласын ажыратуға тырысқан. Сәрсемәлиев осы жағдайды қылмысқа себеп болған негізгі фактор ретінде атаған.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін прокурор айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған еді.