Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамауға алынды

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Астанада бірнеше жол-көлік оқиғасын жасап, мас күйде көлік басқарған боксшы Данияр Елеусінов 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, азамат Е. алкогольдік масаң күйде Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеп, қала көшелерінде бірден үш жол-көлік оқиғасын жасаған.

Сот материалдарына сәйкес, жүргізуші алдымен жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соғылған. Кейін басқа автокөлікпен соқтығысып, соққының әсерінен тағы бір көлікке соққан. Бұдан соң Kia Sportage көлігімен соқтығысып, оның Toyota Hilux автокөлігіне соғылуына себеп болған.

Жол апаттарының салдарынан бірнеше көлік механикалық зақым алып, материалдық шығын келтірілген. Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша жүргізушінің жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.

– Сотта құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындады. Осыған байланысты сот оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 3-бөлігі бойынша 20 тәулікке әкімшілік қамау және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады, – делінген хабарламада.

Сот қаулысы әзірше заңды күшіне енген жоқ.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Астанада полиция қызметкерлері Toyota Land Cruiser көлігін басқарған жүргізушіні ұстағанын хабарлағанбыз. Алдын ала мәлімет бойынша, ол екі жол-көлік оқиғасына қатысып, оқиға орнынан кетіп қалған.

Астана полиция департаментінің мәліметінше, көлік жедел-іздестіру шаралары барысында анықталып, Достық көшесінде тоқтатылған.

Екі жол апаты салдарынан бірнеше көлік зақымданған. Полиция мәліметінше, зардап шеккендер жоқ.

Әлеуметтік желілерде көлік тізгінінде 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусінов болғаны туралы ақпарат тарады. Құқық қорғау органдары ұсталған адамның аты-жөнін ресми түрде атамаған. Алайда ведомство екі жол апатынан кейін жүргізушінің ұсталғанын растады.