«Мықты кадрлар»: Әшімбаев пен Қошановтың орнын кім басады

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Сенатты басқарған Мәулен Әшімбаев пен Мәжілістің төрағасы болған Ерлан Қошанов қазір ресми түрде жұмыссыз.  Оларға лауазымды қызмет беріле ме, әлде орындарын мүлде жаңа адамдар баса ма? Заңгер, Колумбия университетінің түлегі Нұрғазы Әнуарбеков Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында осы сауал төңірегінде өз болжамын айтты.

ЕКІ СЦЕНАРИЙ

Сарапшының айтуынша, Әшімбаев пен Қошановтың мемлекетке сіңірген еңбегі бар.

– Қазақстанда кадр тапшылығы мәселесі бар екенін мойындау керек. Президенттің бұл азаматтарға саяси көзқарасы өзгере ме, сайлау нәтижесі қалай болады – уақыт көрсетеді, – дейді Нұрғазы Әнуарбеков.

Заңгер ықтимал екі сценарийді атады.

– Бірінші сценарий бойынша президент оларды белгілі бір қызметте қалдыруы мүмкін, өйткені шынымен мықты кадрлар. Екінші сценарий бойынша халықтың сенім кредитін алу үшін жаңа адамдарды, әсіресе жастарды көбірек тартуы мүмкін. Президент стратег қой, бәрінің мүмкіндігін таразылайды. Парламент біреу, оның бір ғана палатасы болады. Халық кеңесі де біреу. Кімге қандай орын бұйырарын сайлаудан кейін көреміз. Алдын ала тон пішуге болмайды.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 1 шілдеде Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енуіне байланысты ел парламентінің қос палатасы да таратылды. Бұдан бұрын Тоқаев Сенат пен Мәжіліс депутаттарына атқарған жұмысы үшін алғыс білдірген. Тоқаев Қазақстанның заң шығару жүйесінің негізін қалаған тұлғалардың үлесін атап өтті.

Сондай-ақ, президент Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының алғашқы сайлауын 2026 жылғы 23 тамызға тағайындау туралы жарлыққа қол қойды

Алғашқы Құрылтай құрамына бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды жүйемен сайланатын 145 депутат кіреді. Олардың өкілет мерзімі – бес жыл.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне Қазақстанның 12 561 644 азаматы енгізілген.

Дауыс беру еліміз бойынша 10 427 сайлау учаскесінде өтеді. Оның ішінде 64 мемлекетте орналасқан 82 шетелдік сайлау учаскесі жұмыс істейді.