Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлау басталды

Ulysmedia.kz

29 қарашада таңертең елімізде сайлау учаскелері ашылды. Қазақстандықтар мәслихат депутаттарын сайлап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алғашқы сайлаушылар

Дауыс беру басталар алдында Мемлекеттік әнұран шырқалды. Осы уақытта сайлау учаскелерінің алдына алғашқы сайлаушылар жиналып үлгерді.

Астана тұрғыны Гүлбарам өткен сайлаудағыдай бұл жолы да учаскеге бәрінен бұрын келген. Алайда оған бюллетень рәсімделіп жатқанда, басқа сайлаушы бірінші болып дауыс беріп үлгерген. Оған шәйнек сыйға берілді. Дегенмен комиссия мүшелері Гүлбарамның да бірінші келгенін ескеріп, сыйлықсыз қалдырмады.

– Бұл жерде екінші рет дауыс беріп отырмын. Таңертең жүгіремін, содан кейін бірден осында келемін. Өйткені кейін жұмыс пен басқа да шаруалар басталып кетеді, – деді қала тұрғыны.

Дауыс бергеннен кейін ол сайлау жәшігінің маңында суретке түсті. Гүлбарамның айтуынша, сурет жұмысына есеп беру үшін қажет.

Қазақстандықтар 3 447 депутатты сайлайды

Еліміз бойынша 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайланады. Сайлаушылар тізіміне 12,6 миллионнан астам қазақстандық енгізілген.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, республика бойынша 10 338 сайлау учаскесі қарастырылған. Оның 101-інде дауыс беру таңғы сағат 06:00-де, қалғандарында 07:00-де басталды.

Еске салайық, 12 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Келесі күні Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлауды 29 қарашаға белгіледі.

Дауыс беру қорытындысы 3 желтоқсаннан кешіктірілмей анықталуға тиіс.

Сізге қызық болуы мүмкін