Құрылтай депутаттығына үміткерлер тізіміне әншілердің енуі қоғамда резонанс тудырып, желіде қызу талқыланып жатыр. Партиялардың өз қатарларына шоу-бизнес өкілдерін тарту себебін Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында заңгер, Колумбия университетінің түлегі Нұрғазы Әнуарбеков түсіндірді.
САЙЛАУ НАУҚАНЫНДАҒЫ АРЗАН ТЕХНОЛОГИЯЛАР
Заңгердің айтуынша, саяси партиялар тек сайлау науқаны кезінде ғана оянады.
– Бізде саяси партиялар бір сайлаудан екіншісіне дейін не істейді? Бүгін сайлау болса, келесі бес жылда белсенділігін көрмейміз. Сайлауалды науқан басталғанда ғана «не істейміз?» деп бас қатыра бастайды. Науқанға жастардың назарын аудару үшін әншілерді, блогерлерді тартып, арзан технологияларды қолдану әдетке айналған, – дейді Нұрғазы Әнуарбеков.
КІМДЕ СЕНІМ КРЕДИТІ БАР?
Сарапшылар партиялардың өздерін насихаттау үшін шоу-бизнес өкілдерін пайдалануын халықты сыйламау деп атады.
– Халық кейбір партиялардың бар екенін де білмейді. Тек сайлау науқаны алдында ғана әншілердің, блогерлердің парақшасынан ести бастайды. Бұл тәсілді мен халықты сыйламау деп есептеймін. Өйткені үлкен саясатқа бара жатқан адам нақты бағдарламамен баруы тиіс. Мысалы, дамыған мемлекеттерде сайлау науқаны қалай жүреді? Популистер онда да бар. Бірақ саясатпен әншілер, блогерлер емес, саясаткерлер айналысады. Бізде неге партияның атынан мықты ғалымдар, білікті дәрігерлер сөйлемейді. Неге халықтың проблемасын солар көтермейді? Өйткені оларда сенім кредиті жоқ. Сенім кредиті әншілерде, блогерлерде бар. Солардың желідегі аудиториясы арқылы назарға іліккісі келеді. Бірақ бұл дұрыс тәсіл емес, – деді заңгер.
КОНТЕКСТ
Қазақстандағы партиялардың сайлауалды тізіміне өнер адамдары, тележүргізушілер мен блогерлердің енуі қоғамда көп сұрақ туғызды. Әсіресе Аша Матай мен Тамара Асардың Қазақстан халық партиясына, ал «Ирина Кайратовна» тобының продюсері Азамат Маркленовтің Respublica партиясының қатарына қосылуы саясат пен шоу-бизнестің ара-жігі қайда деген сауалды көлденең тартты.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, танымал тұлғалар партиялар үшін сайлаушы назарын аудартудың тиімді құралы. Өйткені көпшілік саясатты күнделікті бақылап отырмайды, ал елге таныс адамдар партияға деген сенімді арттыруы мүмкін.
Ал саясаттанушы Замир Каражанов мұны партиялық жүйедегі әлсіздіктің белгісі деп санайды. Оның пікірінше, саясатқа түрлі сала өкілдері келе алады, бірақ партиялар ең алдымен заң шығару ісін түсінетін, ел мүддесін қорғай алатын азаматтарды іріктеуі керек.
Айта кетейік, Құрылтай депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызда өтеді.