Қайрат Келімбетов Freedom Holding Corp. директорлар кеңесінің құрамынан шықты. Ол бұл қызметті 2024 жылдан бері атқарып келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Холдингтің мәліметінше, Келімбетовтің директорлар кеңесінен кетуі компаниямен арадағы қандай да бір келіспеушілікке байланысты емес.
– Келімбетовтің директорлар кеңесінен шығуы компаниямен қандай да бір келіспеушілікке байланысты болған жоқ. Оның кетуінен кейін директорлар кеңесінің мүшелері саны жетіден алтыға қысқарды, – делінген компания хабарламасында.
ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ КІМ?
Қайрат Келімбетов әр жылдары Қазақстанның экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, «Қазына» тұрақты даму қоры басқармасының төрағасы, Президент әкімшілігінің басшысы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы, экономикалық даму және сауда министрі, премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық банк төрағасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы және Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы қызметтерін атқарған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов Ақорда кулуарында журналистердің Кәрім Мәсімов пен Қайрат Келімбетовтің Эпштейн ісіне қатысты файлдарда аталуына байланысты сұрақтарына жауап берген еді.