«Әділ сөз» қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова қызметінен кетті

Ulysmedia
optimism.kz

«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова қызметінен кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Ол Facebook-тегі парақшасында жариялаған жазбасында қор құрылтайшыларының жиналысына президент өкілетін тоқтату туралы өтініш жолдағанын хабарлады. Сонымен қатар қор құрылтайшыларының құрамынан шығу жөнінде де өтініш берген.

Жаманқұлованың айтуынша, бұл шешім оның Құрылтай сайлауына кандидат ретінде ұсынылуына байланысты қабылданған.

ДӘЙЕКСӨЗ

Қордың жаңа президенті жақын уақытта сайланып, бұл туралы ресми түрде хабарланатыны айтылды.

– Жақын уақытта құрылтайшылар қордың жаңа президентін сайлап, өз шешімдерін ресми түрде жариялайды. Жаңа басшыға шын жүректен табыс, парасатты шешімдер мен толайым жетістіктер тілеймін. «Әділ сөз» қоры Қазақстанда сөз бостандығын қорғау жолындағы өз маңызды миссиясын алдағы уақытта да абыроймен жалғастыра беретініне сенемін, – деп жазды Қарлығаш Жаманқұлова.

ҚҰРЫЛТАЙ

«Әділет» партиясының кезектен тыс өткен III съезінде Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді. 

Партияның мәліметінше, тізімге барлығы 186 кандидат енген. Олардың қатарында ғылым, білім, бизнес, өнеркәсіп, цифрлық технология, мәдениет, спорт және азаматтық қоғам саласының өкілдері бар.

Құрылтай депутаттығына ұсынылғандардың арасында журналистер мен медиа саласының танымал өкілдері де бар. Атап айтқанда, тележүргізушілер Армангүл Тоқтамұрат, Ирина Тен, журналистер Ульяна Әшімова, Максим Рожин, Сергей Пономарев, Жанарбек Әшімжан, Әділ Балтабаев, «Әділ сөз» қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова және медиа-менеджер Раушан Қажыбаева партиялық тізімге енді.