Құрылтай депутаттары сайлауына 34 миллиард теңге бөлінді

Ulysmedia
ашық дереккөз

Қазақстанда Құрылтайдың алғашқы сайлауына кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталды. Орталық сайлау комиссиясына жеті саяси партия өз кандидаттарының тізімін тапсырды. Жалпы алғанда, жаңа парламенттегі орындар үшін 546 адам бақ сынайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ӘДІЛЕТ» ЕҢ КӨП КАНДИДАТ ҰСЫНДЫ

Ең көп кандидат тізімін «Әділет» партиясы ұсынды – 186 адам. Respublica партиясынан 76 кандидат, Қазақстан Халық партиясынан 72 кандидат ұсынылды. «Ауыл» партиясы тізіміне 69 адамды, «Ақ жол» – 63 адамды, «Байтақ» 47 адамды енгізді. Ең аз тізім Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға тиесілі болды – 33 кандидат.

Осылайша, сайлауға Қазақстанда ресми тіркелген барлық жеті саяси партия қатысады.

Сонымен қатар ОСК халықаралық байқаушыларды аккредиттеуді бастады. Қазіргі уақытта үш халықаралық ұйым мен төрт шетелдік мемлекеттен 60 байқаушыға қатысты құжаттар келіп түскен. Олардың басым бөлігі – ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының миссиясының өкілдері.

– Ұсыныстар келіп түскен сайын халықаралық байқаушылар туралы мәліметтер жаңартылып отырады, – деді ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.

ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫ

Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді.  Құрылтай Қазақстанның алғашқы бір палаталы парламенті болады. Бұған дейінгі екі палаталы Парламент өз жұмысын тоқтатты.

Айта кетейік, Үкімет Құрылтай сайлауын өткізуге резервтен 34,3 миллиард теңге бөлді.